Отыз тістен шыққан сөз Отыз рулы елге тарайды
Шүкір, қазір өзге ұлт өкілдерінің арасында да қазақ тілінде емін-еркін сөйлейтіндері көп. Оны теледидардан көріп жүрген боларсыздар. Бірі жаңалық жүргізсе, енді бірі таңсәрілік бағдарламалардың тізгіншісі болып еңбек етіп жүр.
Бұл деген не? Бұл біріншіден, еліміздегі ресми тілге қарағанда қазақ тілінің мәртебесі жоғары екенін айғақтайды. Екіншіден, тіл мәселесінде мемлекеттің дұрыс саясат жүргізіп отырғандығын көрсетеді. Көптеген байқаулардан көріп жатамыз, оқушылар арасында да қазақ тілінде судай сөйлейтін өзге этнос өкілдері жетерлік, мәселен. 21 ақпан, яғни халықаралық ана тілі күні мерекесіне орай аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінің қызметкерлері бірлесіп өткізген «Тіл шебері» атты аудандық байқауға қатысқандар болса, сол жерде де анық көрініс тапқанын көрген болар еді, айталық.
Байқау «Елтаным» және «Ойтаным» атты 2 кезең бойынша өрбіді. Алғашқы кезеңде қазақ елінің тарихы мен ұлы тұлғалары, қазақ жері және оның аймақтары жөніндегі экранда көрсетілген суреттер бойынша байқауға қатысушылардың танымдық ойлары анықталса, екінші кезеңде берілген ортақ тақырып бойынша жазылған эссенің нәтижесі сараланды. Міне, осылай қазылар алқасының құрамы 21 оқушының ішінен үздіктерді анықтады. Байқау қорытындысында Т.Фролищева, Я.Иванкова, А.Марванов, Ф.Ишмуратова аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының алғыс хатымен марапатталды. Ал жүлделі үшінші орын Сабина Беляловаға бұйырса, жүлделі екінші орынға Ламан Сулиева ие болды. Жүлделі бірінші орынды Милан Ирсикулова жеңіп алды. Байқау жеңімпазы атанған Милан Ирсикуловаға ұялы телефон табыс етілді. Жалпы байқауда жүлдегер атанған қатысушыларға да алғыс хатпен бірге бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Марат Диханбай.