514 Views
Сәрсенбі күні Алғыс айту күні мерекесіне орай Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде «Қазақ халқына – мың алғыс» атты этно-мәдени бірлестіктердің мерекелік концерті өтті. Мерекелік іс-шараға аудан әкімі Ернар Есіркепов қатысып, сөз сөйледі. Аудан басшысы өз сөзінде:
– Баршаңызды келіп жеткен көктемнің алғашқы мерекесі – 1 наурыз – Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын. Айтулы күн жақсылықты бағалай білуге, әр іске жақсылықпен жауап қайтаруға, өзара сыйластық пен құрметке бастайды. Кеңпейілді қазақ халқы қашанда әрбір игі іске ризашылығын білдіріп, алғыс айтып отырған. Осындай құндылықтардың қадіріне жете білген елдің қашанда келешегі кемел болары анық.
Көңіл жадырататын жақсылық істеріміз бен айтар алғысымыз көп болсын. Барша қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған айтулы мерекемен баршаңызды құттықтай отырып, сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін, – деді.
Содан соң аудан әкімі Ернар Серікәліұлы бір топ азаматтар мен азаматшаларға мақтау грамоталарын табыс етті. Атап айтсақ, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Шорабек Атабаевқа облыс әкімінің «Құрмет» грамотасы, аудандық ақсақалдар Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижановқа аудан әкімінің «Құрмет» грамотасы, сондай-ақ, өзге салаларда еңбек ететін жалпы саны 14 азаматтар мен азаматшаларға аудан әкімінің Алғыс хаты табыс етілді.
Мерекелік іс-шарада залға жиналған көпшілік Басқар Битанов атындағы халықтық театр ұжымы ұсынған сахналық көрініске ерекше қол соқты. Өнерпаздар шырқаған «Алғыс» әні де көріністің ажарын аша түскендей болды. Одан кейін әр этнос өкілдерінің қазақ халқына деген ақжарма тілектері слайд арқылы көрсетілген сәтте жүрек толқыды. Қандай ғажап көрініс! «Әдемі-ау» халықтық би ансамблі «Құрбылар», неміс этно-мәдени бірлестігінің мүшелері «Полька», қарашай этно-мәдени бірлестігінің мүшесі «Түз тепсеу», татар этно-мәдени бірлестігінің мүшелері «Татар» биін билеген сәтте де залда отырған жұртшылық ерекше ықылас көрсетті. Қарашай этно-мәдени бірлестігінің мүшесі Алинұр Асылбеков «Зовут меня в Болгарию», «Арманым», аудандық мәдениет үйінің әншісі Аружан Оразалы «Түрікмен», «Сударушка» халықтық фольклорлық ансамблі «Люди на планете», Аружан Оразалы мен Ерболат Құлышев дуэті түрік әні «Мod»-ты тамылжыта шырқады. Концерт соңы аудандық мәдениет үйінің әншілер тобы және этнос өкілдерінің орындауында «Туған ел» әнімен қорытындыланды.
Марат Диханбай.
Поделиться ссылкой: