Аналық алғысымды айтамын
Соңғы кездері әлеуметтік сала мамандары жан жылуын, адамзат мейірімін күтетін қамкөңіл жандарға, зейнеткерлерге, көпбалалы отбасыларға көмек қолын созып келеді. Олардың жанқиярлық еңбегі мен тынымсыз қамқорлығы егде жастағы адамдарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, көмек көрсететін барлық адамдарға деген шынайы құрметі деп білеміз. Осындай жандардың еселі еңбектерінің арқасында көптеген ауыл тұрғындары көмек көріп, әлеуметтік сала мамандарына өз ризашылығын білдіруде. Солардың қатарына бүгін мен де қосылып, көктемнің алғашқы мерекесі қарсаңында көмек қолын созған жандарға ауданның айнасына айналған «Құлан таңы» арқылы алғысымды жеткізгім келеді. Айналасынан жәрдем күткен азаматтардың қиындығын бірге еңсеруге аянбай еңбек етіп жүрген аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы А.Назарбековке, бөлім басшысының орынбасары С.Умееваға, «Үйде қызмет көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету» бөлімшесінің меңгерушісі Г.Тілепбергеноваға, әлеуметтік жұмыс жөніндегі консультант Д.Жұматаеваға, «Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету қажеттілікті бағалау және айқындау» жөніндегі әлеуметтік қызметкер А.Қалиеваға, ауыл әкімі М.Сванов пен әкімдік қызметкері Г.Әбдікәрімоваға және менің барлық жағдайыма жәрдемдесіп, көмек көрсетіп, қол ұшын созып жүрген сала қызметкері Мейірім Аманқұловаға аналық алғысымды айта отырып, жұмысына сәттілік тілеймін. Адалдықпен жабыққан тағдырларға жауапкершілікпен қарап, жүрегіне мейірім шуағын ұялатқан әлеуметтік сала қызметкерлерінің күрделі салада тынбай еткен еңбектеріне зор ризашылығымды білдіремін. Дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға құт-береке тілеймін.
Мейірім Аманқұлова маған тікелей қолқанат болып, көмек көрсетіп отырған атына заты сай мейірімді жан. Ол өз жұмысына уақтысымен келіп, өзінің әрбір ісін жауапкершілікпен атқарады. Ол келген кезде өзімен бірге күннің жарық шуағын алып келгендей көңілімізді көтеріп тастайды. Жүрегі таза, көңілі мен ниеті ақ, өте мейірімді адал жан. Біздей үлкен қарт аналарға жылулық сыйлаудан жалықпайды. Сондықтан тындырымды маман Мейірімнің әлі де көптеген қарттарға қызмет көрсетіп, олардың ақ батасын аларына мен кәміл сенімдімін.
Әлеуметтік қызметкер болу үшін әуелі темірдей төзім керек. Оған тек үлкен жүректі жандар ғана бара алады. Осыған орай барша әлеуметтік сала кызметкерлерін айтулы мерекемен құттықтаймын.
Ж.БАЯЛИЕВА,
Луговой ауылының тұрғыны.