ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫН ЕҢБЕК ШАРТЫНАН БАСТАЙЫҚ

242 Views

Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес, еңбек қатынастары – Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында, келісімдерде, еңбек, ұжымдық шарттарда және жұмыс берушінің актілерінде көзделген құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру кезінде жұмыскер мен жұмыс берушінің арасында туындайтын қатынастар. Жұмыс беруші дегеніміз – жұмыскер еңбек қатынастарында болатын жеке немесе заңды тұлға. Ал, жұмыскер дегеніміз – жұмыс берушімен еңбек қатынастарында тұратын және еңбек шарты бойынша жұмысты тікелей орындайтын жеке тұлға. Яғни, еңбек қатынастарының туындауына негіз болып табылатын, ол – еңбек шарты.
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 33- бабының 1-тармағына сәйкес, еңбек шарты жазбаша нысанда кемінде екі данада жасалады және оған тараптар қол қояды. Еңбек шартының бір-бір данасы жұмыскер мен жұмыс берушіде сақталуы керек. Еңбек шартын жасасу, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған электрондық құжат нысанында жүргізілуі мүмкін. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 33-бабының 3-тармағына сәйкес, адамды жұмысқа жіберу еңбек шартын жасасқаннан кейін ғана жүзеге асырылуы тиіс. Жұмыс берушінің кінәсінен еңбек шарты болмаған және (немесе) тиісті түрде ресімделмеген жағдайда, ол Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауаптылықта болады. Бұл жағдайда еңбек қатынастары жұмыскер жұмысқа кіріскен күннен бастап туындады деп есептеледі.
Ал, жауаптылық Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес қарастырылған. Мысалға айтар болсақ, жұмыс берушінің адамды еңбек шартын жасаспай жұмысқа жіберуі –лауазымды адамдарға – отыз, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – алпыс, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – сексен, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір жүз елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді. Биылғы жылы айлық есептiк көрсеткiш 3450 теңге мөлшерiне тең келетінін ескерсек, ол аз сома болмайтыны анық.
Осыған байланысты, азаматтарымыз жұмыс атқаратын кезде міндетті түрде еңбек шартын рәсімдеп, еңбек қатынастарын заңдастырғаннан кейін жұмысқа кірісулері тиіс екенін назарларыңызға жеткіземіз.

Жансұлтан Қалиев,
облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының
мемлекеттік еңбек инспекторы.

Поделиться ссылкой: