Тірлігі бар әкім елге жағар

55 Views

Президенттің 826-шы Жарлығына сәйкес, өткен аптада аудан әкімі Ернар Есіркепов Жаңатұрмыс ауылының тұрғындарымен кездесу өткізді.

Ауылдық округ әкімшілігінің ғимаратында өткен кездесу біржақты өткен жоқ. Алдымен аудан басшысы Ернар Серікәліұлы ауданның экономикалық даму перспективалары туралы сөз қозғап, атқарылып жатқан ілкімді істердің ретіне тоқталды. Жаңатұрмыс жұртшылығы көбіне-көп жоңышқа егеді. Оны білесіздер. Жұрттың көбі қыстық шөбін осы жақтан сатып алады. Жиналыста да байқадық, қант қызылшасын егуге ынта танытып отырған азаматтар да бар екен. Сондықтан аудан басшысының баяндамасында айтылған таудан келетін ағын судың мәселесіне қатысты детальдарды жазып өтейік.
– Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаулардың нәтижесінде биылғы жылға қант қызылшасы алқабын 550 гектарға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ауыл шаруашылығы техникаларына 25%, тыңайтқышқа 50%, пестицидке 50%, тұқымның себу бірлігіне, су үнемдеу технологияларына 50%, әр өткізген өніміне 25 тг субсидиялар төленеді. Біздің аудан облыс аумағындағы ағын сумен аз қамтылған аймақ. Ауданда суармалы егістік аумағы 6728 гектар болып белгіленгенімен, нақты 2380 гектарына ғана су жеткізуге мүмкіндік бар. Аталған суармалы алқаптардың көлемін арттыру мақсатында 2020 жылы ауылдық округ әкімдіктерінің теңгеріміндегі 2 каналға (Жарлысу және Сарыбұлақ) механикалық тазарту жұмыстары жүргізіліп, 222 гектар суармалы алқап қайта айналымға қосылған. 2021 жылы Талды-Су, Мамайқайыңды жер каналдарына механикалық тазарту жұмыстары жүргізіліп, 203 гектар суармалы алқап қайта айналымға қосылған. 2022 жылы аудан аумағындағы «ҚазСуШар» РМК-ның теңгеріміндегі 13 канал ауданның теңгеріміне алынып, оның ішінде «Қарақат» каналына қайта жарақтау (реконструкция) жұмысын жүргізуге аудан бюджетінен қаражат қарастырылып, жобалық-сметалық құжаты әзірленген болатын. Бүгінгі күнге аталған жұмыстарды жүргізу үшін облысқа тиісті өтінім жолданды. Қалған 12 каналға аудан бюджетінен 64,5 млн.теңге қаражат қарастырылып, жобалық-сметалық құжатын әзірлеу үшін мемлекеттік сатып алу жоспарына бекітіліп, алдағы уақытта ашық конкурс өткізу тәсілі арқылы жеңімпаз анықталып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады, – деді Ернар Серікәліұлы.
Сондай-ақ, аудан басшысы биыл Жаңатұрмыс ауылына ауыз су келетінін тілге тиек етті.
Рас, Жаңатұрмыс ауылының да жылдан-жылға өзге ауылдар секілді әлеуеті артып, келбеті де көркейіп келеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын бұл ауылға жиналысқа барып қатысқанда, тұрғындар газ бен ауыз судың мәселесін жиі көтеретін еді. Газдың мәселесі шешілді. Ауыз су да әне-міне дегенше сарқырайын деп тұр. Ауылішілік көшелерге де асфальт төселіп жатыр. Көше жарықшамдары да орнатылып жатыр. Мектеп бар. Былтыр жаңа дәрігерлік амбулатория соғылып, пайдалануға берілді.Тек атақты Тахмина Әшімбековадай жезтаңдай әнші шыққан ауылда мәдениет үйінің жоқтығы тұрғындарды қынжылтады. «Осы мәселе де біржақты реттелсе» дейді жаңатұрмыстықтар. Таудан келетін ағын судан да проблеманың бары айтылды жиналыс барысында. Тұрғындар көтерген мәселеге аудан әкімі мұқият зер салып, әр сұраққа дәйекті мысалдармен жауаптар берді.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: