Ағаш көшеттері отырғызылды
52 ViewsТазалық – әр адамның жеке жауапкершілігі. Біз өз ауламызды, көшемізді таза ұстасақ, өмір сүру сапасы да айтарлықтай жақсарады. Өткен сенбіде «TazaLike» жобасы шеңберінде «Болашақты…
Мына сурет оқушы мен ұстаз арасындағы керемет бір жылылықты сездіреді. Бұл сурет жақында ғана түсірілген. Киелі – Түркістанда.
Яғни, осы қалада республикалық «Яссауи оқулары» байқауы өтіп, сол білгірлер сайысынан Досханның бас жүлде иеленген сәті.
Досханы кім деп таңырқамаңыз, ол кәнігі – Досхан Айтқұлов. Қарақат ауылындағы № 2 шағын орталықты орта мектебінің 7-сынып оқушысы. Досханның жетістігін біз бірнеше рет жазғанбыз. Ол бұған дейін көптеген аудандық, облыстық байқауларда өзінің даралығын көрсетіп, шашасына шаң жұқтырмай жүрген жас талант десек болады.
Өз басым Досханның қарым-қабілетін жақсы білемін. Осыдан бірер жыл бұрын «Едіге батыр» жырын жатқа айтқанда әділқазылар алқасының құрамында болған едім. Досханның жадының мықтылығын сол кезде көргем. Еш мүдірмейді. Алаңдамайды. Өзін суда жүзген балықтай сезінеді. Сол байқаудан Досхан бас жүлде еншілеген болатын. Мінеки, содан бері Досханды танимын. Жақында Түркістан қаласында өткен республикалық «Яссауи оқулары» байқауынан бас жүлде еншіледі деген хабарды естіп, тағы да қуандым, шыны керек.
Досхан қазір Қожа Ахмет Яссауидің 40 хикметін жатқа біледі. Хикмет жаттау оңай емес. Оны жаттау үшін адамның есте сақтау қабілеті ерекше болуы тиіс. Досханда ол ерекшелік бар. Әйтпесе, Түркістанда өткен байқауға 75 оқушы қатысыпты. Мінеки, сол 75 оқушының ішінен Досхан Айтқұлов дара озып шығып, өзінің мықтылығын дәлелдеген екен.
Осы арада Досханның талантын көріп, оны дайындап, білім нәрімен сусындатып жүрген № 2 шағын орталықты орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Назгүл Ахметбекованың да ерен еңбегін айтып өткен абзал. Назгүл Ахметбекова – білікті педагог. Ұстаз бен оқушының осындай айтулы дәрежесі лайықты деңгейде бағаланса дейміз. Аудандық білім бөлімі де «сырттан тамсанып» қоймай, өздерінің құрметін көрсетсе екен. Өйткені, Досханның бұл жеңісі құрметке лайық деп білеміз.
Сөз басында Досханның қабілетінің ерекшелігін мен көргем дедім ғой. Ол әлі сан мәрте ауданның абыройын асқақтататын болады. Өтірік емес, шын сөзім. Сеніңіздер.
Марат Диханбай.