Көп қолдаса, тірлік алға басады

348 Views

Аудан әкімінің бекітілген кестеге сәйкес жоспарланған халықпен кездесуі – Луговой ауылында өтті. Хабардарсыздар деп ойлаймыз, сәрсенбі күні Астанада ел
Президентінің төрағалығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңейтілген кеңес өткен болатын. Оған аудан әкімдері де қатысты.

Сол себепті Луговой ауылдық мәдениет үйінің залында өткен кездесуде аудан әкімінің орынбасары, әкім лауазымының уақытша міндетін атқарушы Ерғазы Еспенов луговойлық тұр­ғындарға ауданда атқарылып жатқан толайым тірліктерді баяндады. Бір жақсысы, жи­на­лыста көп сөз болған жоқ. Қазір көпке созылған жиналыстан жұрттың да дегбірі қашатын болған. Сондықтан Ерғазы Жұмабекұлы ауданда қандай тірліктер атқарылып жатқанын қысқа әрі нұсқа баяндап, нақты көрсеткіштерді жіпке тізіп берді. Ал «Луговой ауылында биыл қандай істер атқарылмақ?» Міне, Ерғазы Жұмабекұлы осы жайтқа көбірек тоқталды.
2023 жылы Луговой ауылдық округіне 155,5 миллион теңге қаражат қарастырылып отыр екен. Бұл қаражат мына жұмыстарға жұмсалмақ. Айталық, Луговой ауылындағы Тоқтар Әубәкіров атындағы орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына жобалық-сме­талық құжат әзірлеуге 500 мың теңге, мәдениет үйі ғима­ратын күрдеу жөндеу жұмыстарына 44,9 миллион теңге, Еңбекші көшесін орташа жөндеуге 9,4 миллион теңге, ауылдағы ауыз су құбырларын және мұнараларын жыл бойына жөндеу жұмыстарына 15,8 миллион теңге, Пушкин көшесіне жарықшам орнатуға 6,6 миллион теңге, Ә.Райқұл көшесіне жарық­шам орнатуға 5,7 миллион теңге, Кең дала көшесіне электр желісін тартуға 7,5 миллион теңге, «Стрит воркаут» пен теннис үс­тел­дері бар шағын футбол алаңын ор­натуға 12,7 миллион теңге, сая­баққа, аллеяға гүл, ағаш кө­шет­терін және көгал шөптерін отыр­ғызуға 1,6 миллион теңге, ауылдағы көше атауы және үй нөмірі жазылған аншлагтарды ауыстыру жұмыстарына 2,4 миллион теңге, «Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі» бағдарламасы бойынша Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-ли­цейінен Қ.Әбіқұлов көшесіне дейін жаяу жүргіншілер жо­лын салуға, ұзындығы 600 метр, 9,4 миллион теңге бөлі­ніп отыр. «Сұрақ-жауап» кезе­ңінде «Луговойлықтар осы жұ­мыс­тардың барлығы сапалы жүр­гізілсе?» деген мәселені кө­терді. Өз кезегінде Ерғазы Жұма­бекұлы әр ауылдық әкімдікте қоғамдастық мүшелері жұмыс жа­сайтынын тілге тиек етіп, сол ар­қылы луговойлықтар да құрылыс жұ­мыстарының сапасын бақылауға ала алатынын айтты.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: