Бірлік пен тұрақтылық – ел дамуының өзегі

352 Views

1 Мамыр – Кеңес Одағы кезінде Еңбекшілердің ынтымақтастығы күні болып атап өтілгенін жақсы білесіздер. Ал еліміз Тәуелсіздік алған соң Қазақстанда 1996 жылдан бастап 1 Мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекесі ретінде тойланып келеді.

1 МАМЫР – ел бірлігінің, үміт пен бейбітшіліктің жарқын мерекесі. Қазақстан көпұлтты мемлекет. Қазір 130-дан астам этнос пен 17 діни конфессия өкілдері бір шаңырақ астында татулық пен келісімде өмір сүруде. Елімізде мыңнан астам этно-мәдени бірлестіктер, Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында 5 мыңдай қоғамдық келісім кеңестері жұмыс істейді. Біздің ауданымызда 18 қоғамдық келісім кеңестері және қазақ, орыс, қарашай-шешен, өзбек және неміс этно-мәдени орталықтары әрдайым ауданымыздағы елдік істердің басында болып, бірлік пен қоғамдық келісім – берекенің бастауы, тұрақтылықтың кепілі, ел дамуының өзегі екендігін аудан жұртшылығына түсіндіруге белсене атсалысып келеді. Аудан әкімінің қолдауымен өткен жылы 25 қазан – Республика күнінде аудан орталығы Құлан ауылында «Достық үйі» ашылып, ауданымыздағы этно-мәдени бірлестіктер жұмысы жандана түсті. «Достық үйі» – қоғамда орныққан үйлесім мен тұрақтылықтың, бейбітшіліктің ұясы. Сондықтан, бұл мәдени нысан ауданымыздағы қоғамдық келісімнің сақталуына ықпал ететін болады. Этно-мәдени бірлестіктердің жетекшілері Левицкая Любовь Павловна, Асылбекова Эльмира, Айтбаев Жолдас Гаппарұлы, Ахаев Ариб Саидахметұлы, Шарипова Елизавета, Чулекеев Марат, Саитова Аида тағы басқалар өз елдерінің мәдениеті мен салт-дәстүрін жаңғыртып, насихаттап, ауданымыздың қоғамдық,мәдени-көпшілік жұмыстарына белсенді түрде атсалысып келеді. Біздің ауданымызда 20-дан астам әр ұлттың тілі мен дінін, әдебиеті мен мәдениетін, тарихы мен салт-дәстүрін сақтап, дамытуға жағдай жасалған. Бір шаңырақтың астындағы халқымыздың достығы мен өзара түсіністігі одан әрі жалғасып, еліміздегі ұлтара­лық татулық әрдайым берік болып, қашанда ынтымақ, бірлік мәңгі жасай берсін! «Бір­лік бар жерде тірлік бар» дейді дана халқымыз. Бұл сөз текке айтылмаса керек. Ауызбіршілік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Біздің елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, қарыштап дамуда.
Құрметті жерлестер! Баршаңызды бірлік мерекесімен құттықтаймын. Дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға шаттық, отбасылық береке, істеріңізге табыс тілеймін. Мереке құтты болсын!

Серік Өтегенов,
аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы.

Поделиться ссылкой: