Халықаралық гроссмейстер ҚҰЛАНҒА келді
Ауданымыздың 85 жылдығына орай жақында Каипов Ниязбек Еділұлының бастамасымен Ақбұлақ орта мектебінде игі шара өтті. Бұл іс-шараға әйелдер арасындағы ҚР чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері, Орталық Азия елдерінің аймақтық турнирінің жеңімпазы, 2018 жылы әйелдер арасындағы ҚР Кубогының жеңімпазы, 2012 жылы Стамбулда өткен Дүниежүзілік шахмат олимпиадасының қола жүлдегері, Халықаралық гроссмейстер Давлетбаева Мадина Мұхитқызы арнайы қонақ ретінде шақырылып, ол өз кезегінде бір мезетте 35 жасөспірім шахматшылармен ойын ойнады.
Айта кетейік, Халықаралық гроссмейстердің қатысуымен өткен ойынға Ақбұлақ орта мектебінің ғана емес, Ә.Бөкейханов, Құлан, М.Горький атындағы мектептің оқушылары да қатысты.
Мадина Мұхитқызының шахмат ойнау тәсілі ерекше екен. Ойын барысында әр оқушыға мүмкіндіктер беріп отырды. Алайда, гроссмейстердің аты қашанда гроссмейстер ғой. 35 ойынның барлығында Мадина Мұхитқызы жеңімпаз атанды. Тартысты өткен шахмат ойынында оқушылар зор мотивацияға ие болды деген ойдамыз.
Тағы бір айта кететін жәйт, мұндай ауқымды іс-шара демеушілердің көмегімен өтетіндігі белгілі. Сондықтан шараға қаржылай қолдау көрсеткен азаматтар мен азаматшалардың да есімдерін атай кеткен жөн деп білеміз.
Осы іс-шараның басы-қасында жүрген Ниязбек Еділұлы демеушілерге, яғни аудандық мәслихаттың төрағасы Ербол Әбутәліповке, Ақбұлақ ауылдық округінің әкімі Сәбит Кенжеғараға, Ақбұлақ орта мектебінің директоры Ляйла Қазыбековаға, математика пәнінің мұғалімі Гүлнұр Нагматуллаеваға, домбыра үйірмесінің жетекшісі Перизат Үмбетоваға, сондай-ақ, дене шынықтыру және өзге де пән мұғалімдері Жандос Шаховқа, Ердос Есқараевқа, Ғалымжан және Мақсұт Алкереевтерге, Анжияз Бохаевқа жеке алғысын білдірді.
Ж.Базылбек.
Қордайдан олжамен оралды
Таяуда Қордай ауданында шахматтан жарыс ұйымдастырылды. Оған аймақтың әр ауданынан мықты шахматшылар қатысты. Жамбыл облысының кубогы сарапқа салынған айтулы жарыста жаттықтырушы Жандос Адибаев бастап барған Т.Рысқұлов ауданының командасы да бақ сынады. Жерлестеріміз жай бақ сынап қойған жоқ, нәтижелі ойын өрнегін көрсетіп, командалық есепте жүлделі І орынды иеленді.
Ал, жекелей сында оқушылар арасында Нуриман Таңатарұлы жүлделі І орынды, әйелдер арасында Толғанай Қылышбек жүлделі ІІ орынды, ерлер бәсекесінде Жандос Адибаев жүлделі І орынды өз қанжығаларына байлады. Осылайша Жамбыл облысының кубогы сарапқа салынған білгірлер сайысында жерлестеріміз өзгелерден дара болды.
М. Диханбай.