Алпыс әке қатысқан ауқымды іс-шара
Қазақ халқының этномәдени қоржынында «Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер» деген тәмсіл бар. Шыны керек, соңғы кездері күнделікті күйбең тіршілікке ереміз деп, жоғарыда айтылған нақыл сөздің тура мағынасынан сәл алшақтап бара жатқандай көрінеміз. Өткен дәуірдің әкелері қандай еді? Ал аналары ше? Бұрынғының бүлдіршіндері шешенің «Кешке әкең келгенде бәрін айтамын» деген жай ғана бір ауыз сөзіне тоқтай білетін. Ауыр жұмыстан шаршап, қабағы қатулы келетін әкенің «Ей…» деген зілді сөзі тентектігіңді сап тыятын. Ал қазір қалай? Бүгінде бәрі керісінше болмаса да, жүрегіңді жылататын сәттер көп кездеседі қазіргі қоғамда. Бірақ, бәріне топырақ шашпайық… Бес саусақ та бірдей емес еді ғой.
Жоғарыдағы олқылықты жөнге келтіреміз, я болмаса орнына қоямыз деген ниетте көптеген жоспарлар түзіп алдық соңғы кездері. Әсіресе, бұл прогресс білім саласында ерекше серпіліс беріп келеді.
Жуырда бір керемет кешке қатыстым. Ақбұлақ ауылында өткен ауқымды іс-шараға алпыстан астам әке келіп қатысты. Шыны керек, мектептегі баланың тәрбиесін анаға ғана ысыра салатын кезеңде бір ауылдың өзінде алпыс әкені жинап, басын қосу мен үшін таңғажайып дүние болғандай. Осы үшін де Ақбұлақ орта мектебінің ұжымына ерекше алғыс айтуымыз керек шығар.
Адалын айту керек, аталмыш білім ордасының қызметкерлері шарапаты мол шараны жоғары деңгейде ұйымдастырыпты. Оған арнайы қонақ ретінде Ақбұлақ ауылдық округінің әкімі Сәбит Кенжеғара, аудандық әкелер Кеңесінің төрағасы Мырзабек Маңғұтов, ауылдық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қырқынбай Әденов, ауылдық Қоғамдық кеңестің төрағасы Төлеген Белгібаев, мектептің қамқоршылық Кеңесінің төрағасы Бексұлтан Бохаев және Ербол Құлманов бастаған бір топ мектеп түлектері қатысты.
Аудандық білім бөлімінің бас жоспарына сәйкес өткен «Әке жолы – ізгі жол» семинар-практикумның басында мектеп директоры Ляйла Еркінқызы сөз сөйлеп, шараның мақсат-міндетімен таныстырып, келіп қатысып отырған әкелерге, құрметті қонақтарға алғысын жеткізді.
– Қазақта «Таяқтау – оңай, тәрбиелеу – қиын» деген сөз бар. Шынтуайтына келгенде, мектеп пен ата-ана бірлесіп, бала тәрбиесіне ерекше мән беруі қажет. Өйткені, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы. Сондықтан да біз бүгін осында жиналып отырмыз. Бүгінгі семинарға келіп қатысып отырған әрбір әкеге ерекше алғыс айтқым келеді, – деп шараны ашып берді. Содан соң шара түзілген сценарийге сәйкес өрбіді. Мектеп психологы Мехида Исаева әкелерді қатыстыра отырып, тренинг өткізді. Ізінен шара жүргізушілері асқар тау әкелерге, келген қонақтарға сан түрлі сауалдар қойып, еркін форматта бала тәрбиесіне қатысты пікір алмасты.
Жиында әр түрлі бейнероликтер де көрсетілді. Бірақ соның ішінде өзіме ұнағаны экран артындағы балалардың әкеге айтар тілегі болды. Шыны керек, мектеп оқушылары «Әке мен сізді жақсы көремін» деген сәтте кеудедегі жүрек толқып, еріксіз бұлқына кетті. Өзгенің баласынан өзгеше тілекті естіген біздің жүрек жібіп жатқанда, өз әкесі қандай күй кешіп отыр екен деген ойда қалдық.
Бәрін айт та, бірін айт, Ақбұлақтағы ауқымды шара өте керемет өтті. Мектеп оқушылары әкелерге арнап би билеп, күй шертіп, ән айтса, мектеп әкімшілігі кездесу кешінің соңында жыл қорытындысы бойынша «үздік» деп танылған оқушылардың әкелерін Алғыс хатпен марапаттады.
PS Иә, әкенің рөлі әр шаңырақта ерекше. Мен үшін әке оң бағыт алатын бағдаршам іспеттес. Оған қарап ой әрі бой түзеуге болады. Оның мінез-құлқын, өзгелермен қарым-қатынасын бала өз бойына оңай сіңіре алады. Сондықтан да әке алға басқан әрбір қадамын, артындағы баласына қарап сілтегені абзал.
Жәнібек СҰЛТАН.