Қоғамдық қабылдау өткізді
39 ViewsӨткен аптада аудан әкімі Ернар Есіркепов қоғамдық қабылдауға жазылған тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады. Қоғамдық қабылдауға тұрғындар жайылымдық жер, баспана, көгілдір отын тарту, ауылішілік көше…
Бүгінде республикамызда мемлекет тарапынан жастар саясатына ерекше көңіл бөлініп, бұл бағытта қаржыландыру көлемі жылдан-жылға артып келеді. Бұл қолдаудан ауыл жастары да құр алақан емес. Жеңілдетілген бағдарламалар арқылы кедергісіз білім алуға жағдай жасау, жастарды жұмыспен қамту жергілікті атқамінерлердің басты жұмыс бағыттарына айналған.
Қазіргі таңда Т.Рысқұлов ауданында орналасқан 100 жылдық тарихы бар Құлан агротехникалық жоғары колледжінде 550-ден астам студент мемлекет тарапынан қаржыландырылып, тегін білім алуда. 12 түрлі кәсіп иелерін даярлап шығаратын іргелі оқу ордасы соңғы үлгідегі заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Колледжде ветеринария, ақпараттық жүйелер, агрономия, дәнекерлеу ісі, тамақтандыруды ұйымдастыру, электр жабдықтары, тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу, орман шаруашылығы, ет және ет өнімдерін өндіру, сүт және сүт өнімдерін өндіру, балық шаруашылығы, ара өсіру және жібек шаруашылығы сынды мамандық түрлеріне баулитын 57 оқытушы мен 14 өндірістік оқыту шеберлері бар. Сондай-ақ, аталмыш колледжде сыйымдылығы 960 орындықты құрайтын 2 оқу корпусы, спорт залы, 39 кәсіптік және 10 жалпы пәндер кабинеті, 11 зертханасы, жеке ветеринарлық клиникасы, сүт, ет өнімдерін өндіретін және дәнекерлеу цехы, тігін өндірісінің шеберханасы, жалпы ауданы 0,5 гектарды құрайтын интенсивті бағы, жылыжайы, ауылшаруашылық техникасына арналған гаражы, оқу полигоны, 150 орындық асханасы, кітапханасы мен 200-ден астам студентті қамти алатын өз жатақханасы бар. Аталмыш оқу ордасы 2020-2021 жылдары Республикалық «Жас маман» жобасына «Агрономия» және «Электргазымен дәнекерлеуші» мамандықтары бойынша қатысып, осы мамандықтар бойынша WorldSkills талаптарына сай жабдықталды. Аталған мамандықтың студенттері Халықаралық Soprano Group (Финляндия) әзірлеген білім беру бағдарламалары негізінде білім алуда.
Жуырда ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосу және түлектерді жұмыспен қамту мақсатында аталған білім ордасында аудан әкімі Ернар Есіркеповтің және колледж әкімшілігінің бастамасымен колледж базасында түрлі сала мамандары, шаруа қожалық басшылары мен жеке кәсіпкерлердің қатысуымен «Ауылшаруашылығы саласының мамандары, қазіргі жағдайы және перспективалары» тақырыбында аудандық конференция ұйымдастырылған болатын.
Конференция барысында Құлан агротехникалық жоғары колледжінің директоры Олжас Мұсақұлов колледжде атқарылып жатқан жұмыстарды тізбектеп, «колледж түлектерін жұмыспен қамтуға аудандағы шаруа қожалықтар да атсалысса…» деген өтінішін жеткізген болатын. Бұл бастаманы аудан әкімшілігі мен аудан кәсіпкерлері қолдап, үш жақты меморандумға қол қойылды. Жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған меморандум болашақта ауданымыздың экономикасын көтеруде өз ықпалын тигізері анық.
Қазіргі уақытта жастарға деген қамқорлық барлық салада көрініс табуда. Елімізде қабылданып жатқан мемлекеттік бағдарламаларда жастардың рөлі мен белсенділігіне айрықша мән берілген. Ендеше, біздің түлектеріміз де мемлекетіміздің өркендеуі мен жарқын болашағы жолында жастық жалынымен, ерік-жігерімен, аянбай еңбек етіп, ел үмітін ақтайды деген сенімдеміз.
Р.Ташыбаева,
Құлан агротехникалық жоғары колледжі директорының оқу-өндірістік жұмысы жөніндегі орынбасары.