Бала – біздің болашағымыз!
Бала – өмірдің қызығы, көңілдің нұры. Бұл дүниеде былдырлаған бала тілінен тәтті не бар. Баланың кіршіксіз көңілінен, шынайы күлкісінен, күлімдеген жүзін көруден асқан бақыт бар ма?!
Бала – өміріміздің жалғасы, көңіліміздің арнасы. Бүкіл адамзат тарихынан да, қоғамнан да көрініс тапқан, дәлелденіп отырған бір шындық бар. Ол – дүниеге дені сау ұрпақ әкелу және оны өсіріп, жеткізу. Барша адам баласының бүтіндей ғұмыры осы мақсатқа құрылғандай.
Дүние есігін жаңа ашқан бейкүнә сәбидің санасы ақ қағаздай пәк, дүниенің қыр-сырынан бейхабар болатыны белгілі. Ал, оны аяулы анасының ақ сүтімен қоректендіріп, бесік жырымен әлдилеп, әже ертегісімен сусындату, әке өнегесімен тәлім беріп, тәртіпке үйрету – атам заманнан жалғасын тауып келе жатқан үрдіс. Қазіргі бүлдіршіндердің тәрбие мен тәртіпке үйреніп, қоғамға ерте жастан араласып, өз ортасын қалыптастыруға, жан-жақты дамуына жол ашатын негізгі ортасы – балабақша болып отыр. Бірнеше жыл осы бағытта қызмет етіп, бала тәрбиелеу ісін жүзеге асырып келе жатқандықтан, алдыма келген баланың даму процесін, психологиясын бір дегеннен түсіну қабілетіне ие болғанымды жасырмаймын. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» дегендей, бала тәрбиесінде кейбір ата-аналардың да түрлі себептерге байланысты қателікке ұрынып жатқанын да байқауға болады. Соның бір дәлелі – бүгінгі таңда көптеген балаларда психикалық дамудың кешеуілдеуінің көрініс табуы. Сонымен қатар кейбір балалардың тілінің кеш шығуы да бүгінгі қоғамның басты мәселесінің біріне айналып отыр. Оған қоса, қоғамда «цифрлық аутизм» диагнозына шалдыққан балалардың да көбейгені тағы бар. Бұл жағдайға әкеліп соқтыратын себептердің бірі – ұялы телефон мен теледидардағы дыбыссыз мультхикаяларды көп көру болып отыр. Мұндай балалар ерекше көңіл бөлуді, әрі олармен басқа балаларға қарағанда ауқымды жұмыс атқаруды қажет етеді. Барлығымыз бала тәрбиесіне мұқият қарауға тиіспіз. Себебі, бала – біздің болашағымыз!
Нағима Бауханқызы,
тәрбиеші.