Құбылыс немесе Феномен
(Эссе-эллегия)
Бір елде төрт құбылыс бар. Бәлкім, бір ауылда шығар. Әйтеуір жауын жауса болды, жадыма Жаңбыршы келеді. Жеңгелері айтып еді оны: «жауында туылған» деп. Онда неге оны «Жауыншы» деп атамаған деймін ғой баяғы. Иә, ол жаратылысы бөлек жан еді. Мен үшін жауын да, Жаңбыршы да құбылыс болып кеткен сияқты. Оны мен әлі сол баяғы зілзаладан кейінгі жертөле үйінде сырнай тартып отыр екен деп қаламын. Ол расында феномен-құбылыс еді ғой. Сырнайын қолына алып, бізге белгісіз, бір ән ауанына еліткенде «далада жауын жауып тұр ма» деп қаласың. Сырнайдың сазына Секен Тұрысбековтың «Көңіл толқыны» күйі қосарлана тартылып, ақ жауын басталғандай күй кешесің. Жаңбыршының сондағы жан тебіренісін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ол өзінің бар болмысымен, бақай-бәденімен тұңғиыққа сіңіп бара жатқандай көрініп еді маған. Мұны құбылыс демей көріңіз…
Көңіл шіркін жүйрік пе, көкдөнен бе,
Көңіл жақын досым бар Көкдөненде.
Әнімен де, сазымен ұқтыратын,
Сезімімен су беріп шөлдегенге,– деп 2012 жылы жарық көрген «Айкөл» атты өлеңдер жинағымда Жаңбыршы досыма осылай өлең арнаппын. Бірде Жаңбыршы: «Секе, сенің «Қос аққу» деген өлеңіңді оқып едім. Сондағы «…сыңсиды аққу» деген өлең жолы менің түйсігімнен кетпей тұрып алған соң, соған ән жаздым. Бір өтінішім болсын, енді осы әнді «Аққу дәурен» деп атасақ қайтеді?» деді. Осы әнді тұңғыш рет Назкен Қошқарбаева орындады. Композитор досым беріле тыңдады. Сонда ол: «Секе, мынау бір керемет ән болыпты ғой» деп шын тамсанып еді. Сол әннің бір жолы…
Ауылдың мақпал түні,
Ғашықтар таң сырласқан.
Сыңсиды аққу үні,
Аулақта бір тынбастан…
Жаңа сөзімнің әлқиссасында: «Осы ауылда төрт құбылыс бар деп едім, соның бір құбылысы осы Жаңбыршы еді. Ал, екіншісі – менің мейірбан ағам Мэлс десе болады. Бұл өзі өнер адамдары қиялшыл болады ғой. Бірде Сағи ағамыз: «Мына Құттыжанның төменгі жағындағы «Қарабастауда» колхоздың қырманы бар болатын, тура қазіргі «Дулат баба» кесенесінің түбінде. Бір байқағаным, күнде кешқұрым жаңағы кесене салынған тұстан ақ ешкі маңырайды. Оның тегін ешкі емес екенін сезіп, қырманды басқа орынға көшіріп алдық» дегені әлі есімде. Сол «Қарабастауға» жігіт кезінде герой ата Кәрібай Абақовтың сеялкасына мініп алып, Мэлс Өзбеков ағамыз да егін ексе керек. Мэлс марқұм: «Секе, саған айтқан жан сырым болсын, ешкімге айта көрмеші…Сол жолы сеялкадан құлап кетіп, қабырғам сынып, ауруханаға түскем. Өлім аузынан қалдым. Сонда сенесің бе, сеялкада тұрғанымда көзіме ақ ешкі көрініп еді» дегені әлі есімде. Иә, бұл бір тылсым, бәлкім елес, бәлкім үлкендер айтатын аян шығар.
Бірде қызметтік іссапармен көрші ауданға бардым. Бір отбасында болдым. Ерінің ныспы – Болат, әйелінің аты – Гауһар, қызының есімі – Меруерт, ұлының аты – Алмас екен. Бүкіл асыл заттың бір шаңыраққа тоғысқанына таң қалып отырғанымда ұл бала қолындағы сырнайын алып «сөйлете» жөнелді…Сол кезде қаннен-қаперсіз жылы бөстекте жатқан кәнден сырнайдың сырлы сазына қосылып қыңсылап, кәдімгідей әндете бастады. Ал, енді мұны құбылыс демей көріңіз… Өмірде осындай еренғайып, ерекше құбылыстар бар екені ақиқат. Әйтпесе, Түркияда болған алапат жер сілкінісі кезінде қираған үйінділердің астында сегіз күн бойы жатып қалған балдырғанға тамақ ұсынғанда: «Маған жер астында жатқанда бір апа тамақ әкеліп беріп тұрды. Аш емеспін» деуінде не керемет бар. Бәлкім, бұл да бір Алланың періштелерін жіберіп мүсіркегені болар…
Ал, енді арамыздан аққан жұлдыздай болып, 37 жасында бақилыққа аттанған Басқар Битанов бауырымыздың соңғы, ақтық сапарға аттанарда жазған қоштасу өлеңі Мұқағали жазған «Моцарттың реквиемінен» кем емес. Басқар да керемет бір құбылыс еді ғой. Асқан талант, дарын иесі болатын. Күні кеше ғана өмірден озған газет индустриясының білгірі, дарынды журналист Қыдыралы Қойтаев әйтпеген күнде Басқар туралы «Суретінен ғана таниды» деген шығарма жазбас еді деп ойлаймын.
Осы төрт дарын Көкдөненнің төрт құбыласында тұрған дидарғайып, ерен тұлғалар еді. Олардың бәрі – ғайыпта. Десек те…
Томағасы сыпырылған қырандайын,
Самғап ұш, самға көкке, енді еркінсің.
Бәріңе жерде тұрып жыр арнаймын,
Тұйғынның бар екенін енді ел білсін.
Сейсен Қожеке,
журналист. ҚР Журналистер одағының мүшесі.