Баланы қалай тәрбиелесеңіз, өскенде сол бағытты ұстанатын болады

325 Views

Бәріміз білетіндей, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні. Бұл күнде әрбір ата-ана өз балаларына ерекше көңіл бөліп, түрлі сыйлықтар жасап, ойын-сауық орындарына апарып, оларға барынша көтеріңкі көңіл-күй сыйлап жатады. Бұл дұрыс, әрине. Себебі, бала – өмірдің бар қызығы, олардың бақытты жүзін көру – әрбіріміздің асқақ армандарымыздың, биік мақсаттарымыздың шыңы. «Балалы үй – базар, баласыз үй – мазар» демекші, әр үйдің шаңын шығарып ойнап, шашып, бүлдіретін біреудің болуының өзі – ғажап емес пе! Әрбір ата-ананың өмірлік мақсатының ең ұлысы да – сол ғой!  Бала тәрбиесі мемлекет үшін де үлкен жауапкершілік. Отан отбасыдан басталса, мемлекет азаматтардан құралады. Ал, бүгінгі бала – ертеңгі ел азаматы. «Өсімдікті қалай баптасаң, солай өсетіні» секілді, балаға да қандай тәлім-тәрбие берсеңіз, өскенде де сол бағытты ұстанатын болады. Жоғарыда айтып өткенімдей, бұл мерекенің «Балаларды қорғау күні» деп аталуының да астарында үлкен мән-мағына жатыр. Жалпы, «қорғау» деп не себепті астын сызып айтамыз? Менің пікірімше, бұл сөздің астарында балаларды түрлі жамандықтан сақтандыру, мәселен, тәртіп пен тәрбиені үлгі ету арқылы жаман әдеттерден қорғау, жаман әдеттерден тыю арқылы қауіп-қатерден сақтандыру, ілім-білімге үйрету арқылы жарқын өмір сыйлау т.б. Мысалы, баланы ұйқыдан оянғанда жуыну, тісін тазалауға, дастарханға отырмас бұрын қол жууға үйрету арқылы тазалық пен тәртіпке ғана үйретіп қоймай, түрлі аурулардың алдын алатынын түсіндіру қажет. Бұдан өзге балаға жол ережесін сақтау, көшеде ойнап жүргенде ток бағаналарына, қазылған, қоршалған жерлерге жоламау, техникалық құрылғылардан абай болу сияқты түрлі қауіпсіздік шараларын түсіндіру де балаларды түрлі апаттан сақтандыру, алдын алу шаралары болып табылады. Осы секілді күнделікті өзіміздің жасап жүрген іс-әрекетіміз бен дағдыларымыз арқылы балаларымызды тәрбиелей аламыз.
Баланы бір сәт еркелету, құшақтау, әлдилеу, сыйлық жасау, онымен бірге ойнау, бар мейірім-махаббатыңызды жеткізе білу де – балаңыздың толыққанды азамат немесе азаматша болып қалыптасуына ықпал етеді. Ана жылуы мен әке қамқорлығын бірдей сезініп, мейірім-махаббатына қанып өскен бала толыққанды дамыған, жан-жақты азамат боларына сенімім кәміл. Әрбір ата-анаға өз балаларыңызға үлгі-өнеге болуға тырысыңыздар дегім келеді. Сондай-ақ, бала психологиясы айқай-шуды, ауыр сөздерді көтере алмайтыны сияқты, мақтау, мадақтаудан шыңдала түсетінін де жеткізгім келеді. Сіздің алдыңызда ұлт болашағы, еліміздің ертеңі – жас ұрпақ отыр. Демек, оны ұлтжанды, білімді, тәрбиелі азамат етіп қалыптастыру, өз балаңызды қауіп-қатерден, қиындық туғызатын зиянды әдеттерден сақтандыру, қорғау, оларды жарқын болашаққа бастау – өз қолыңызда екенін қаперіңізден шығармағаныңыз абзал.

Дана Тойшиева,
«Ақбота» бөбекжай- бақшасының тәрбиешісі.

Поделиться ссылкой: