Орманды, даланы өрттен қорғайық!
Жаз айларында қатты ыстықтан шөп қурап, өртену қаупі туатыны белгілі. Далалы алқаптардың, шабындық жерлердің және жайылымдық жерлердің өртке орануына адамдар да себепші болып жатады.
Орман, дала өрті – абайсыз жағылған от. Орман, дала өрті көбінесе құрғақшылық мезгілде, жазда және күзде болады. Адамдардың далалық жерде демалып, ашық отты пайдаланудағы аңғалдықтарынан да оқыс оқиғалар орын алуы бек мүмкін.
Орман және дала өрттерінің болуының ең көп себептері:
– ауыл шаруашылық қалдықтарын өртеген кезде қауіпсіздік талаптарының бұзылуынан;
– сөндірілмеген темекі не сіріңке;
–күннің көзі түсетін жерге тасталған шыны сынығынан түскен күн сәулесінен жануы.
Ауданымыз құрғақ және желді климат, шөптесін өсімдіктердің көп болуы, дала өртінің тез өріс алуына мүмкіндік туғызады.
Ауқымды емес дала өртін сөндіру үшін қажетті іс-шаралар: Желдің бағытын және өрттің таралу жылдамдығын анықтау, тұрғындарға ескерту, отты топырақпен көміп, үстіне су құю, кішігірім отты таптау, өрт сөнгеннен кейін кетуге асықпай, қайта тұтанбайтынына көз жеткізу.
Жаз мезгілінде табиғат аясында демалуды ұнататын аудан тұрғындарынан да сұрайтынымыз: өрт қауіпсіздігін қатаң сақтап, азық-түлік қалдықтарын арнайы санитарлық шұңқырларға көміп, қоршаған ортаны ластауға жол бермеген жөн. Әр тұрғын мұндай ескертулерге шынайы қараса, «халық байлығы» саналатын даланы, орманды тілсіз жаудан қорғауға, аман сақтауға елеулі ықпалын тигізері даусыз. Егер өрт аумағында болсаңыз, өзіңіздің күшіңізбен сөндіру мүмкін болмаса, оның таралу бағытын және шығу бағдарын анықтап өрт сөндіру қызметіне «101», «112» номері арқылы хабарлаңыз. Сіздерден табиғатта осы қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауларыңызды сұраймыз. Сонда ғана дала және орман алқаптарын өрттен сақтап қаламыз.
Аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі, № 10 өрт сөндіру бөлімі.