Мемлекеттік тілдің сот жүйесінде қолданылуы

211 Views

Сот жүйесіндегі мемлекеттік тілдің дамуы – сот төрелігін жүзеге асырудағы басты аспектілердің бірі. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі болып табылады. Сот ісін жүргізу тілінің мәні өте зор. Өйткені сот ісін жүргізу тілі принципін іске асыру арқылы азаматтардың қай ұлтқа қарамастан, сот алдындағы теңдігі қамтамасыз етіледі. Айталық, Қазақстан Республикасында сот ісін жүргізу қазақ тілінде жүргізіледі, сонымен бірге орыс тілі ресми түрде қолданылады, қажет болған жағдайда басқа тілдер де қолданылады. Басқа тілдерді қолданудың қажетті жағдайларына іс жүргізу әрекеттерін орындау және белгілі бір тілде шешімдер қабылдау сот ісін жүргізуге қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауды қамтамасыз ететін жағдайлар кіреді. Сондықтан сот ісін мемлекеттік тілде жүргізу және қажет болған жағдайда басқа тілдерді қолдану түсініктерін теңестіріп қарауға болмайды. Құқықтық тұрғыдан сот ісін мемлекеттік тілде жүргізу нормасы жоғары тұруға тиіс.
Қазақстан – унитарлық (біртұтас) мемлекет. Ендеше, сот ісін мемлекеттік тілде жүргізу үшін ешқандай қысыр сөз, дау-дамай туындамауы керек. Жалпы, бұл мәселе Жоғарғы Сот тарапынан тұрақты бақылауда. Сондықтан бірінші сатыдағы соттардың сот төрелігін жүзеге асырудағы қызметін тексеру барысында істерді мемлекеттік тілде қарау барысы тексеріліп тұрады. Иә, қызметтік мансабына, лауазымына қарамастан әрбір қазақ өз тілін, ұлтын сүюі керек. Біз бұл ретте, мемлекеттік тілдің, ұлт пен мемлекеттік рәміздердің заң аясында қорғауда екенін нақты айта аламыз.
Қазір іс қағаздарын жүргізу номенклатурасына сәйкес жүргізілетін кітаптар, есептік карточкалар, сот тәжірибесінің талдаулары, жедел кеңес және семинар сабақ хаттамалары, жоғары сатыдағы соттармен және басқа да мемлекеттік мекемелермен хат алмасу тек мемлекеттік тілде жүргізіледі. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан тілдік қорымызды үздіксіз жетілдіріп отыру үшін заңдар қабылданып, бағдарламалар жасалған. Осы мүмкіндіктерді пайдаланып мемлекеттік тілдің қолдану өрісін кеңейту өз қолымызда.

М.Нүсіпәлі,
аудандық соттың жетекші маманы.

Поделиться ссылкой: