Сібір жарасы – қауіпті індет

174 Views

Сібір жарасы(түйнеме) – зооноз тобындағы жедел жұқпалы ауру. Ол дене қызуының көтерілуімен, лимфа жүйесінің зақымдануымен, ағзаның ауыр түрде улануымен сипатталады.
Сібір жарасы терілік, өте сирек ішектік, өкпелік және сепсистік формада өтуі мүмкін. Аурудың қоздырғышы таяқша пішінді, қозғалмайтын аэробты бактерия. Бұл бактериялар адам мен жануарлардың ағзасынан тыс жерлерде споралар түзуге қабілетті және олар физикалық-химиялық әсерлерге өте төзімділік танытып, қоршаған ортада ондаған жылдарға дейін сақталады. Сібір жарасын адамға жұқтырушы ауру көзі үй жануарлары (ірі қара мал, қой, ешкі, түйе, шошқа) болып табылады.
Адамға аурудың жұғу жолы көбінесе жанасу арқылы (малды сою кезінде терісін түсіруде немесе мал терісін өңдеуде) және бактерияның спораларымен ластанған тағамдар мен ауыз суын ішіп-жеуде, ластанған топырақты егістікте қолдануда жұғуы мүмкін. Ал, ауру адамнан-адамға жұқпайды.
Дерт көбінесе тері жамылғысын зақымдайды, сирек түрде ішкі мүшелерді де зақымдауы мүмкін. Инкубация кезеңінің ұзақтығы терілік формада бірнеше сағаттан 14 күнге дейін, сепсистік формада 6-8 күн. Дененің ашық жерлері зақымданады. Қоздырғыш енген жерде алдымен диаметрі 1-2 см, қызыл-көкшіл түсті, ауырмайтын дақ пайда болады. Сол жер қышиды, ашиды. Бірнеше сағаттан кейін дақтың орнында мыстың түсіндей папула пайда болады. 12-24 сағаттан кейін іші серозды, соңынан қанды сұйықтыққа толы везикулаға айналады. Осы везикула жарылғаннан кейін жиектері көтеріңкі, түбі қоңыр түсті жараға айналады. Осы кезден бастап оны карбункул деп атаймыз. Жараның айналасы қызарып, ісіп тұрады. 1-2 аптадан кейін карбункулдың ортасы қарайған тығыз, ауырмайтын некрозды қабыршаққа айналады. Осы қабыршақ айналасындағы қызарған терінің ортасындағы қара дақ қызыл шоқтың ортасындағы көмір тәрізді көрінеді. Сондықтан оның аты грек тілінен аударғанда «anthaх-көмір» деген мағынаны білдіреді. Оның айналасында сезімталдық мүлде болмайды. Адамда ауру 90-95 пайызға дейін терілік формада болады. Терілік формада 80 пайыз жағдайда жеңіл түрде, 20 пайыз ауыр түрде өтеді. Дер кезінде емделмеген немесе кеш емделген терілік түрде өлім 5 пайызға дейін жетеді. Ішектік формада ауру уланумен, геморрагиялық энтероколитпен көрініс береді, үрдіс аз уақытта сепсиске ұласады. Өкпелік түрде ауыр геморрагиялық плевропневмония дамиды. Өкпелік-ішектік формаларында өлім 80-100 пайызға дейін жетеді.
Аурудың бастапқы кезеңіндегі айтылған белгілер байқалған жағдайда науқас немесе оның жақындары оны міндетті түрде ауруханаға жеткізіп, медициналық көмекке жүгіну қажет. Дәрігерге дер кезінде қаралғанда және арнайы емдеу шараларын жүргізгенде дерттен толығымен жазылып кетуге болады.
Сібір жарасының ең тиімді алдын алу шарасы жыл сайын ауруға қарсы егу жүргізу. Ауруға қарсы вакцина үй жануарлары мен ет комбинаттарында, мал шаруашылығында тұрақты жұмыс істейтіндерге, тері-жүн өңдеуге, тасымалдауға, сақтауға, сұрыптауға, илеуге қатысатын адамдарға егіледі. Адам ағзасында сібір жарасына төтеп бере алу қасиеті егуден кейінгі 12-14 күнде пайда болады да, 12 айға жуық сақталады. Егілген тұлғалар жұмысқа 2 аптадан соң ғана жіберіледі. Жыл сайын екпе алып отырулары қажет. Екпе жүргізу ең тиімді әдіс болғандықтан жануарлардың барлығын қамтуға тырысқан жөн. Сонымен қатар осы аурудың жұқтырушы көзі ретінде үй жануарларын да бақылауда ұстау қажет. Бүгінгі күнде егу жұмыстары жануарларды жоспарлы тексеруден өткізу кезінде ветеринарлық мекемелерінде тегін жүргізіледі. Үй жануарларының иелері малдарды екпеге қатыстырмау дерттің кең етек жаюына себепші болып, мұның салдарынан адамдар түйнеме дертіне шалдығатынын естерінен шығармаса игі болар еді. Сібір жарасына қарсы вакцина егілгеннен кейін 10 күн ішінде жануар өліп қалса, оның терісін сыдыруға болмайды.

Аудандық орталық аурухана.

Поделиться ссылкой: