Балалық шағың – патшалық тағың
Өткен жұмада Қарақыстақ тау шатқалының етегінде орналасқан Әлия Молдағұлова атындағы жазғы сауықтыру лагеріне жол тарттық. Өйткені бір күн бұрын шақырту қағазы келген. Редакциялық лездемеде сөз қадірін ұғатын замандас бауыр әрі әріптесім Жәнібек Сұлтан екеуіміз баратын болып келістік. Содан Жәкеңнің жол талғамайтын «Мерседес» көлігімен таңғы сағат 10-нан өте Қарақыстақ тауын бетке алдық.
Барар бағытымыз белгілі. Себебі онда Әлия Молдағұлова атындағы жазғы сауықтыру лагерінің ресми түрде ашылу рәсімі өтеді. Жолай әңгіме қысқарсын деп, Жәкең екеуіміз балаларға арналған есті әндер туралы диалог құрып бардық. Кешегі Нұрғиса Тілендиев секілді ән әлеміне өлшеусіз еңбек сіңірген дара композиторларды сөз еттік. Осылай әңгімеден әңгіме шығарып, мақаланың концепциясын ойластырып отырып, Қарақыстақ тауына қалай жеткенімізді де байқамай қалыппыз. Біз барсақ, аталмыш лагерьдің салтанатты ашылу рәсімі басталып жатыр екен. Лезде блокнотымыз бен фотоаппаратымызды қолға алып, жұмысымызға кірісіп кеттік.
Жыл сайынғы балалардың жазғы сауықтыру лагерін аудандық балалар мен жасөспірімдер орталығынының директоры Айдар Жұмағұлов пен ол басшылық етіп отырған мекеме қызметкерлері өте жоғары деңгейде ұйымдастырады. Оған өзіміз де куә болып жүрміз. Былтыр да аталмыш лагерь маусым айында ашылған болатын. Биыл да сол дәстүр жалғасын тауып отыр.
Ел аузында ДЮТС аталып кеткен аудандық балалар мен жасөспірімдер орталығының қызметкерлері бұл шараға расыменде керемет дайындалыпты. Кем-кетігі жоқ.Сценарииі қандай жұмыр десеңізші. Қатыстық. Көрдік. Тамсандық.
Алдымен рапорт берілді. Содан соң еліміздің мемлекеттік Әнұраны шырқалды. Әнұранды балалар оң қолдарын жүрек тұсына қойып, қосыла шырқаған сәтте жүрегің қалай елжіремейді. Айтыңызшы енді. Өзіміз де балаларға қосыла шырқадық. Өйткені, ол – қарға тамырлы қазақтың мемлекеттік Гимні ғой. Сөзі ғажап қой, шіркін!
Содан соң сөз аудандық мәслихат төрағасы Ербол Әбутәліповке берілді. Ербол Абақұлы өз сөзінде:
– Бәріміз де оқушы болдық. Ұстаз тағылымын алдық. Мінеки, жаз мезгілі де келіп жетті. Бұл мезгілде оқушылар оқу жылын аяқтап, жазғы демалысқа кетеді. Ал біз осы кезде оқушыларға бар мүмкіндікті жасай алуымыз қажет деп ойлаймын. Себебі балалар жаңа оқу жылына ерекше әсермен оралулары қажет. Біз соған жағдай жасауымыз керек. Бүгінгі салтанатты түрде ашылып отырған Әлия Молдағұлова атындағы жазғы сауықтыру лагері осы мүмкіндіктердің бастауы деп білемін. Балаларымыздың өмірі шуақты, еліміздің экономикасы қуатты болсын,– деді. Одан кейін аудандық білім бөлімінің басшысы Майра Базарова да сөз сөйлеп, білім бөлімі тарапынан оқушыларға қолдан келер мүмкіндіктің барлығы жасалып жатқанын тілге тиек етті.
Одан соң концерт тамашаладық. Концертте өнер көрсеткен әрбір балаға қатарластары зор қошемет көрсетіп отырды. Жазғы сауықтыру лагерінің салтанатты іс-шарасында Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің әншілері де өнер көрсетті. Балалар оларға да шапалақты аямай соқты. Біз бұдан нені байқаймыз? Елде бейбітшілік болса, «балалардың да көңілдері жайдары болады» дегенді аңғардық.
Айта кетейік, Әлия Молдағұлова атындағы жазғы сауықтыру лагерінде алғашқы маусымда 70 бала тынығып жатыр. Онда аға тәлімгерден бөлек тағы да 4 тәлімгер жұмыс істеуде. Алда әлі 2 маусым бар. Ұйымдастырушылар жалпы 3 маусымда 210 бала тынығып,тиісті деңгейде демалады деп отыр.
Марат Диханбай.