Ақниеттіктер қайтарымсыз несиені алуға ниетті

136 Views

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 3 наурызында №826-шы Жарлыққа қол қойған болатын. Әкімдердің халықпен кездесу ережесі бекітілген бұл құжатта Мемлекет басшысы «Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін, олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін» деген болатын. Содан бері міне, аудан және ауылдық округ әкімдері жыл бойы бекітілген кестеге сәйкес жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізіп келеді.

Жуырда аудан басшысы Ернар Есіркепов жыл басында бекітілген кестеге сәйкес, Ақыртөбе және Ақниет ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті. Кездесулер барысында ең өзекті деген мәселелерге назар аударып, халықтың өтініш-тілегіне құлақ түрді.
Ернар Серікәліұлы ең алдымен ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуы және жыл басынан бері атқарылып жатқан жұмыстарды ақыртөбеліктер алдында жіпке тізіп берді. Ізінен алдағы уақытта атқарылатын жүйелі жұмыстардан да хабардар етті. Ақыртөбеліктер мал ұрлығына тосқауыл қою, Малдыбай елді мекенінің екінші бөлігіне апаратын жолдың жөндеу жұмыстарына тиісті деңгейде бақылау жүргізуді өтінді. Ернар Серікәліұлы қойылған сауалдар мен өтініштердің барлығы заң аясында шешімін табатынын және жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берілетінін жеткізді.
Түс ауа дәл осындай форматтағы кездесу Ақниет ауылдық округінде жалғасты. Аталмыш округтің тұрғындары да көп мәселе көтерген жоқ. Ақниеттіктер тек қайтарымсыз грантқа қол жеткізе алмай келе жатқандықтарын айтты.
– Бұл мәселеге қатысты дау өте көп. Неге? Өйткені бөлінген қаржы бәріне бірдей жетпейді. Қаржы аз, қатысушылар саны төрт-бес есеге көп. Біз оны оңтайлы шешу үшін қолдан келетін шараның бәрін қабылдап жатырмыз. Соның бірі – комиссия құрамын жиі ауыстыру. Шыны керек, комиссия құрамын бекіту бір күн бұрын ғана қолға алынуда. Бұл бастама сыбайлас жемқорлықты тыюға өз септігін тигізетін болады. Бірақ, мойымаңыздар. Біз бұл несиені тұрғындар санына қарай әрбір ауылдық округке бөліп отырмыз. Қателеспесем, биыл ауылдарыңыздан үш үміткер қайтарымсыз грантқа қол жеткізуі керек, – деп сабырлық танытуды сұрады. Тіпті, сауал жолдаған ауыл тұрғынына комиссия құрамына кіріп, жұмыс істеуге кеңес берді. Осылайша қайтарымсыз гранттың берілу барысы барынша ашық өтіп жатқанын дәлелдеп берді.
Айта кетейік, аудан әкімі Ернар Есіркепов кездесулер соңында тұрғындарды жеке де қабылдады.

Жәнібек СҰЛТАН.

Поделиться ссылкой: