кәсіпкерлерге деген қолдау артпаса, бәсеңдемейді

200 Views

Сенбі күні аудан басшысы Ернар Серікәліұлы өңірде жүзеге асып жатқан бірқатар жобалар мен құрылыс нысандарын аралап көрді. Сондай-ақ, жұмыс жоспарының кестесіне сәйкес, егінге орақ салған шаруа қожалықтардың бүгінде атқарып отырған жұмыстарымен танысты.
Жалпы ауданда 2022-2025 жылдар аралығында іске асырылатын ірі және шағын инвестициялық 94 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Олардың жалпы қаржылық көлемі 52,0 млрд. теңгені құрайды. Аталмыш жобалар іске асырылған жағдайда 899 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Оның ішінде 622-сі тұрақты түрде ашылса, 277-сі уақытша жұмыс орны ретінде құрылмақ. Жалпы 94 жобаның 28-і өнеркәсіп саласы бойынша іске асатын болса, 66-сы қызмет көрсету бағытында жүзеге асырылмақ. Айта кетейік, аталмыш жобалардың төртеуі ірі. Оған 48,9 млрд. теңге жұмсалады деп көзделуде.

Биыл да жалпы құны 4,5 млрд. теңгені құрайтын 34 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Олардың барлығы жеке инвестиция есебінен жүзеге асатын болады. Соның бірі – 100 га жер көлеміне күн батареясын орнатып, электр энергиясын өндіру жобасы. Жобаны іске асырушы мекеме – «Кұлан Солар» ЖШС-і. Аудан әкімі өз іссапарын осы жобаның жұмысымен жақын танысудан бастады. Кейіннен Луговой ауылына барып, ондағы «Пенгар-1» ЖШС-нің жұмысына ден қойды. Аталмыш серіктестік 2024 жылы құм блоктар және өрнектас өндіру цехын ашпақшы. Жоба құны – 280,0 млн. теңге. Бүгінде кәсіпорынның алғашқы жұмыстары басталып та кеткен. Басшысының сөзіне сенсек, жұмыс жасауға ешқандай кедергі жоқ екен. Тек кейде құрылыс материалдарының қымбаттығы қалтаға ұрып, ауыр жұмыстан қашпайтын жұмысшылардың тапшылығы орын алып тұрады екен. Бұл мәселені Ернар Серікәліұлы басты назарға алатынын, жауапты мамандармен бірлесіп, шешуге тырысатынын жеткізді де келесі ауылдық округ Ақбұлаққа аттанды.
Онда да ірі жобалардың бірі жүзеге асуда. Нақтысын айтсақ, Р.Сәбденов ауылында «Парус-Т» ЖШС-і минералды су шығаратын зауыт салмақшы. Жоба басшысы Динара Майданқызының сөзіне сенсек, жобаны іске асыру үшін 200,0 млн. теңге жұмсалмақ екен. Жоба толық жүзеге асқан жағдайда 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылатынын, олар сағатына 3000 литр су дайындайтынын жеткізді. Қажетті қондырғылардың барлығы Ресей және Түркиядан әкелінетінін айтты. Пікір алмасу барысында аудан басшысы минералды судың атауына да ерекше мән беру керектігін сөз етті. Айта кетейік, жоба авторы Ақбұлақта балаларға арналған демалыс аймағында ашыпты. Іссапар барысында аудан басшысы ол жұмыспенен де танысты. Тіпті, қос тарап жуық арада мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап, арнайы демалыс кешін ұйымдастыруға уағдаласты.
Іссапар барысында аудан басшысы Р.Сәбденов және Көгершін ауылдарында жаңадан бой көтерген спорт кешендері мен мәдениет үйінің құрылысымен, Малдыбай ауылында төселіп жатқан жолдың жұмысымен танысып, егістік алқабына арнайы барып, дихандармен жеке тілдесіп көрді. Сондай-ақ, үй іргесіндегі жерді тиімді пайдаланып, бүгінде мал және құс шаруашылығын қолға алып отырған жеке кәсіпкер Нұрлан Нүркебаевпен тілдесіп көрді.
Іссапар соңында аудан әкімі бірқатар кәсіпкерді салық басқармасының артында салынып жатқан жаңа саябаққа жинап, шағын пікір алмасу жүргізді.
– Кәсіпкерлерге деген қолдау артпаса, бәсеңдемейді. Сол үшін де бәріңізді осы саябаққа шақырып отырмын. Біз бұл саябақты қолдан келгенше ретке келтірдік. Алдағы уақытқа жоспарлап отырған жұмысымыз да көп. Енді осы іске кәсіпкерлер де өзіндік үн қосса дейміз. Егерде осы саябақ аумағында қандай да бір істі, бизнесті жүзеге асырамын десеңіздер, біз тек қана қолдаймыз. Бірақ, біздің басты мақсатымыз – тұрғындарға жайлы жағдай жасау болуы тиіс, – деп ортақ іске жұмылып, бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
Жиын соңында кәсіпкерлер өз ойларымен бөлісіп, саябақты аралап көрді.
Жәнібек СҰЛТАН.

Поделиться ссылкой: