Ұстаз бен шәкірт тандемы жарасқан дода

664 Views

Еспеновты еске алу турнирі

Осымен екінші рет өткізіліп отырған жарысқа қол добының яғни, волейболдың облыс бойынша беткеұстар ойыншылары біздің ауданымызға жиналды. Турнирдің ашылу салтанаты марқұм ЕспеновНұрғазы Жұмабекұлының туған ауылындағы Абай атындағы орта мектептің спорт залында жалауын көтерді. Аудан әкімдігі денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әбіш Бестерековтың және байырғы спортшы, қазіргі зейнеткер Бауыржан Намазбаевтың алғы сөзінен кейін жасөспірім спортшылар екі топқа бөлініп, бәсекеге түсуге дайындалды. Екінші топ Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің спорт залында күш сынасатын болды. Иә, Нұрғазы Жұмабекұлы өзінің нағыз кемеліне келген шағында кенеттен ажал құрығына ілінді. Өзін өлімге қимайтын азамат еді. Көкдөнен ауылдық округінің әкімі қызметін атқарды. Абай ауылдық округі әкімдігінде бас маман болып еңбек етіп жүрген кезінде сұм ажал арда азаматты ортамыздан алып кетті. Амал қанша, оның Отанына, ұлтына берері көп еді. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Сонымен, Нұрғазыдай есіл азаматты еске алу турнирі де өз мәресіне жетті. Бұл жарысқа ерлер мен қыздар арасындағы кубокты сарапқа салуға барлығы 24 команда қатысты. Тартысты ойында ерлер арасынан үш команда суырылып, алға шықты. Сөйтіп, турнирдің бас жүлдесін Тараз командасы жеңіп алды. Екінші орынды Ермахан Ыбырайымов атындағы №1 спорт мектебінің түлектері иеленсе, жүлделі үшінші орынды тағы да сол тараздық екінші команда қанжығасына байлады. Ал, қыздардың ойынында бірінші орын подгорныйлық қыздардың еншісіне тисе, жүлделі екінші және үшінші орынды Ақтоған орта мектебі мен №1 мектеп – лицейдің волейболшылары өзара бөлісті.

С.ҚОЖЕКЕ.

Суретте: Турнир жеңімпазы

 Тараз командасы.

Бетті дайындаған Марат ДИХАНБАЙ.

 

Поделиться ссылкой: