Әуезді әннің сардары

716 Views

Әуезді әннің сардары

Елімізге белгілі ақын Қалқаман Сариннің:

«Қасиетіңнен айналдым кешір домбыра,

Шанағыңды шаң басып кесір қонды ма?

Есі кеткенше билейтін етегін ашып,

Эстрадаңды қайтейін, есірген мына» -деген өлең жолдары бар. Меніңше, үлкен сахналарда орындалып жүрген бүгінгі әндердің мәні мен мазмұнын осы ұйқастан-ақ аңғаруға болатындай. Ән туралы сөз болғанда біз Мэлс Өзбеков сынды тума талант дүниеге келген Көкдөнен ауылының перзенті Жаңбыршы Үсейіновтың есімін ешқашан ұмыт қалдырмаймыз. Себебі, Жаңбыршы аға өзінің саналы ғұмырында нағыз шығармашылық ізденістің қандай боларын кейінгі ұрпаққа ұқтырып кеткен дарын иесі. Ол -50 ден астам ән шығарды. Аз емес әрине. Мойындау керек, мүмкін насихат жағы кемшін болған шығар. Әйтпесе, қазіргі кәсіби “композитормыз” деп кеуде қағып жүрген сазгерсымақтардың әндерін Жаңбыршы ағаның сырлы да әуезді мелодиялары он орап кететініне бек сенімдіміз.

Өткен аптада Көкдөнен ауылдық мәдениет үйінде ауыл әкімшілігі мен аталмыш ауылдық клубтың меңгерушісі Берік Тауасаровтың, сондай-ақ, аудандық жастар ресурстық орталығының Көкдөнен ауылдық округі бойынша жастар ісі жөніндегі инспекторы Әбіләшім Мырқасымовтың ұйымдастыруымен Жаңбыршы Үсейіновтың әндерін жұртшылыққа насихаттау мақсатында «Әнім саған аманат» атты шығармашылық кеш өтті. Концертте «Маусымжан» фольклорлық ансамблі «Ағайындар», Шұғыла Мақұлбай «Соғыстан қайтқан солдаттар», Жаңбыршы ағаның немересі Аяттың орындауында «Сарбаздар әні шырқалды. Сондай-ақ, ауданымызға белгілі журналист, ақын Кәріпжан Нүсіп пен Бердіш Шахаров сөзін жазған «Қайдасыңдар қарлығашым» және «Немерем балам» сынды Жаңбыршы ағаның сыршыл әндері шығармашылық кештің ажарын одан әрі биіктете түсті. «Домбыра дастан» үйірмесінің орындауындағы «Ерке сылқым» және «Кеңес» күйлері, «Ұйғыр биін» өзгеше нақышта билеген «Іңкәр» би тобы аруларының да көрсеткен өнерлері кешке қатысқан тыңдармандарға ерекше әсер сыйлады. Кеш соңында Көкдөнен ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Төлеген Атабаев хакім Абайдың «Әннің де естісі бар есері бар, Тыңдаушының құлағын тесері бар» деген ұлағатты сөзін айтып, Жаңбыршы Үсейіновтің мағынасы терең ойлы әндері ешқашан ұмытылмайтынын жеткізді. Содан соң, өз ойын ортаға салған Үтілді Тойғанбеков Қадыр Мырза Әлінің:

-Мен ақынмын,

Әулие емен бақсы емен.

Әрине ғой, күндерім бар көксеген.

Соның бірі -Ел есінен шықпайтын,

Жазып кету – ғажайып бір жақсы өлең, -деген жыр жолдарын айта келіп, Жаңбыршы Үсейіновтың адамгершілік болмысы жайында өнегелі сөз қозғады.

Марат ДИХАНБАЙ

Поделиться ссылкой: