«Әдеп кодексін» сақтау – мемлекеттік қызметшінің міндеті

148 Views

2022 жылы Ел Президентінің Жарлығымен мемлекеттік қызметшілердің «Әдеп кодексі» жаңа редакцияда қабыл­данған болатын.
Жаңа «Әдеп кодексі» халықтың мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қаты­настың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған. Яғни, бұған қарап отырып, біз, бұрынғыға қарағанда мемлекеттік қызметшілерге қойылар талаптардың күшейгендігін байқаймыз.
Мемлекеттік қызметшінің моральдық бет-бейнесі мен әдебіне айрықша көңіл бөлінуінің астарында оның іскерлігі ғана емес, сонымен қатар, айналасындағыларға құрметі мен ізеті де сараланады. Мемлекеттік қызметші халықтың, елдің алдындағы тұлға болғандықтан, оның әрбір айтқан сөзі мен іс-қимылын халық жіті бақылап отырады, үнемі көңіл таразысынан өткізеді. Ел үшін жан аянбай жұмыс істейтін мемлекеттік қызметші қашанда елге сыйлы, басшылыққа қадірлі.
Бұрын «Әдеп кодексінде» мемлекеттік қызметшілерге қойылатын моральдық-адамгершілік талаптар мен олардың мінез-құлқының негізгі қағидаттары бірге қаралып келген болса, жаңа редакцияда бұл олқылықтар жойылды. Яғни, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын әдеп талаптары мемлекеттік қызметшінің қызметтік әдебіне қатысы жоқ ережелерден бөлек, өз алдына жеке қарастырып отыр. Жаңа «Әдеп кодексі» ең алдымен қызметтік әдеп стандарттарын белгілеуге бағытталған және мемлекеттік қызметшілердің бойында моральдық-адамгершілік қасиеттерді орнықтырудың негізі болып табылады.
Мемлекеттік қызметші әрқашанда «Әдеп кодексінің» талаптарын естен шығармағаны абзал. Мейлі, ол жұмыс барысында болсын, мейлі, ол демалыс күндерінде болсын, тіпті, жай үйінде қонақ күтіп отырған күннің өзінде де «Әдеп кодексінде» жазылған нормаларды қаперде ұстаған жөн. Себебі, жоғарыда атап өткеніміздей, бұқара халық олардан үлгі алады, соларға қарап бой түзейді, сөз түзейді. «Өзі жақсы адамға, мың кісілік орын бар» дегендей, құрметтеп төбелеріне көтереді. Тіпті, мемлекеттік қызметшінің, ел алдындағы адамның ішкен-жегені де, киім кигені де әдептіліктің ауылынан ұзамағаны жөн. Қалай болса, солай киіну, көпшілік ортада өзін дұрыс ұстамау да мемлекеттік қызметшіге үлкен сын болмақ.
Мемлекеттік қызметте үлкен жетістіктерді бағындыруды көздеген әрбір мемлекеттік қызметші «Әдеп кодексін» және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңдарының талаптарын мұқият сақтап, еліміздің өркендеуіне зор үлес қосуы қажет.

Р.Конратбаев,
аудандық Қазынашылық
басқармасының басшысы.

Поделиться ссылкой: