Назардағы нысандарды аралады

111 Views

Аудан орталығы саналатын Құланда бес бірдей мектеп бар. 20000-ға жуық тұрғыны бар елді мекен үшін бұл әрине аздық етеді. Сондықтан да 4500-ға жуық оқушыны жайлы әрі заманауи үлгідегі білім ошақтарымен қамтамасыз ету – бүгінгі күннің басты талабы. Бүгінде бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар ауыз толтырып айтарлықтай. Соның бірі – «Арай» тұрғын-үй алқабындағы оқу ордасы. 300 орындықты білім мекемесі алдағы ІІ тоқсаннан бастап өз жұмысын бастайтын болады. Сондай-ақ, жергілікті атқамінер азаматтар алдағы уақытта дәл осындай мектепті Сарыарқа, Ақмола, Астана, Ақжайық көшелерінің тұрғындары үшін де салып беруді жоспарлауда. Бұл туралы аудан әкімі Ернар Есіркепов Құлан ауылын аралау кезінде сөз етті.

Айта кетейік, аталмыш мектептің орналасу жерін анықтау үшін ауыл әкімі Еркін Сейтжапаров пен аудандық мәслихат депутаттары Талғат Тәттіқожаев және Тұрсынбек Досаев та аудан әкімімен бірге жүріп, зерделеу жұмыстарын жүргізді.
Сондай-ақ, аудан басшысы Ернар Серікәліұлы халық қалаулыларымен бірге Алматы көшесінде аралап, ондағы жол жөндеу және су құбырларын реттеу мәселелерін қарастырып, кеңінен талқылады. Әсіресе, «Таза су – 2014» мекемесінің мамандарымен тілдесіп, су құбырларының жиі жарылу себебіне баса назар аударды. Нағыз өз ісінің мамандарымен пікір алмаса келіп, әр тұрғын үйлерге есептеуіш құралдар қойылу керектігін және алдағы жылдарда аталмыш мекеменің материалдық базасын нығайту бағытында үлкен жұмыстар атқару қажеттігін сөз етті.
Аудан басшысы бастаған топ аудандық Кірістер басқармасының жанында орналасқан орталық саябақта жүргізіліп жатқан жұмыстармен де танысты. Айта кетейік, дәл қазір онда белгілі суретші, жергілікті қылқалам шебері, «Қазақ өнерінің қайраткері» медалінің иегері, Халықаралық декоративті өнер шеберлерінің мүшесі, жерлесіміз Мақсат Қаңтарбаев өз әріптестерімен бірге артбетонмен сәулет мүсіндерін салуда екен. Шеберлермен жеке тілдескен аудан басшысы олардың жұмысына сәттілік тілеп, кезекті назардағы нысанға бет бұрды. Ол – Жібек жолының бойында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлер.
Аталмыш үйлердің тұрғындарымен тілдесіп, ой алмасқан аудан басшысы көптеген түйткілді мәселелерге қанық болды. Әсіресе, тұрғындар үйлердің орталық алаңын көгеріштендіру және абаттандыру, санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізу, орталықтандырылған ауыз су жүйесін орнату, үйлерді күрделі жөндеуден өткізу мәселелерін көтерді. Сондай-ақ, пікір алмасу барысында қос тарап ссы сенбіде барлық тиісті мекемелерді тарта отырып, сенбілік жұмыстарын жүргізуге уағдаласты.
Мыңнан астам тұрғыны бар қарақаттықтар заманауи үлгідегі мектепті елді мекен маңына орналастыруды сұрап жүргендеріне көп болды. Оған да толықтай негіз бар. Өйткені, аудан орталығындағы ауылға ең жақын орналасқан елді мекеннің бірі – Қарақат. Іссапар барысында бұл мәселеге де қозғау салынып, қос тарап арасында кеңінен талқыға салынды. Сондай-ақ, ой алмасу барысында Қарақат көшесіне және ауылға апаратын жолға көше жарығын салу мәселелері де сөз болды.

«Құлан таңы» ақпарат.

Поделиться ссылкой: