Кездесуде жүктелген тапсырма аяқсыз қалған жоқ
Өткен сәрсенбіде аудан әкімі Ернар Есіркепов Құлан агротехникалық жоғары колледжінің акт залында бекітілген кестеге сәйкес, Құлан ауылдық округінің халқымен кездесу өткізді. Кездесуге аудандық мәслихаттың төрағасы Ербол Әбутәліпов те қатысты. Кездесуде алдымен аудан басшысы Ернар Серікәліұлы ауданның даму перспективасы туралы баяндама жасады. Содан соң тұрғындар көкейде жүрген сауалдарын қойды. Айталық, Құлан ауылындағы С.Сейфуллин көшесінің тұрғыны бірнеше күннен бері көшелерінде ауыз су ақпай, әбден зарыққандарын айтты. Ол бойынша аудан әкімі тиісті мекеме басшысына тапсырма жүктеп, кешқұрым уақыт тауып, сол жерге міндетті түрде баратынын ескертті. Содан соң Шөңгер ауылының тұрғындары елді мекендегі орталық көшенің бойына жарық орнату жайын қозғады. Ол бойынша да аудандық электр желілерін тарату мекемесінің басшысына елді мекендегі осы көшені арнайы барып, көру қажеттігі тапсырылды.
С.Сейфуллин көшесінің ауыз суына қатысты мәселеге көз жеткізу үшін аудан әкімі Ернар Есіркепов уәдесін екі етпей, кешқұрым сол көшеге арнайы барды. «Таза су – 2014» мекемесінің жұмысшылары тапсырманы екі етпепті. Сол күні түнімен еңбек етсек те, тұрғындарды тіршілік нәрімен қамтамасыз етеміз деп уәде етті. Мінеки, тірлік осылай жүру керек. Айтылды, орындалды. Одан соң аудан басшысы Шөңгер елді мекеніне де барып, тұрғындар көтерген мәселеге көз жеткізіп, біраз жайтты пысықтап қайтты.
«Құлан таңы» ақпарат.