Жаңа фельдшерлік- амбулаториялық пункт ашылды
26 ViewsРахым Сәбденов ауылында жаңа фельдшерлік-амбулаториялық пункттің ашылуы – жергілікті тұрғындар үшін үлкен қуаныш. Нысан 15 келушіге арналған. Жобаның жалпы құны 298 миллион теңгені құрайды.…
Қазір әлеуметтік желінің «дәурені» жүріп тұрған шағы. Экраннан да «ұят» кеткен заман болды. Мұхтар Әуезовтің сөзі еске түседі осындайда. «Ел боламын десең, экраныңды түзе» деп еді ғой заңғар жазушы. Оны санаға сіңіріп, көкірекке түйіп жатқан кім бар қазір?! Рейтинг қуып, «подписчик» жинаумен қашанғы өмір сүрмекпіз. Қазір қарап отырсаң, әке мен баланың, ене мен келіннің, қос ағайынды бауырдың, құда-жегжаттың арасындағы «болмашы нәрсені» экраннан таудай ғып көрсететінді шығардық. Біз жақсылығын асырып, жамандығын жасырған, асылын ардақтай білген ұлы халықтың ұрпағы емес пе едік… «Түймедей нәрседен түйедей қылық» шығаратын ғадет қанымызда жоқ қасиет еді ғой. Өз басым бұл да бір өткінші дүние деп ойлаймын. «Осылай жазды» деп бізді де біреулер жазғырар. Бәріне төреші – Құдай бар. Бұдан да өтерміз. Ең бастысы, біз, жастардың болашағын ойлауымыз керек. Жас ұрпақ аға буыннан қандай үлгі алу керек? Міне, осы сауал бізді алаңдатуы керек.
Жасы мен жасамысының, ағалар мен ақсақалдарының арасында сыйластық сақталған, үлкені сөйлесе, кішісі тыңдайтын, тоқ етер сөздің төркінін түсінетін, ардагерлері баталы, жастары жалынды ауылдың бірі – Жақсылық ауылы. Сидней Олимпиадасында ел намысын абыроймен қорғап, алтын медаль жеңіп алған Ермахан Ыбырайымов осы ауылда дүниеге келгенін біз айтпай-ақ біліп отырған боларсыздар. Өмірхан Әбдиманұлы секілді ұлт руханиятына сүбелі үлес қосқан ғалым әрі академик те осы ауылдың түлегі. Елге танымал пародист Дәркен Есімбеков те дәл осы Жақсылық ауылында дүниеге келген азамат. Міне, тізе берсек, тізім көп. Біз мұнымен олардың мақтауын асырайын деп отырғанымыз жоқ. Туған жерге деген құрмет, ізетке келгенде, олардың өз ауылдары үшін көңілдері алабөтен екенін жазғымыз келді.
Өздеріңіз білесіздер, былтыр Жақсылық ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория салынып, халық игілігіне пайдалануға берілген болатын. Ауыл тұрғындары бұл жағымды жаңалыққа айрықша қуанды. Осы жаңа дәрігерлік амбулаторияны жергілікті халық қанша жыл күтті. Сабырлық танытты. Қазір көрсеңіз, керемет заманауи келісті ғимарат салынған. Жаңа Жақсылық ауылының «жасы мен жасамысының, ағалар мен ақсақалдарының арасында сыйластық сақталған, үлкені сөйлесе, кішісі тыңдайтын, тоқ етер сөздің төркінін түсінетін, ардагерлері баталы, жастары жалынды» деп тектен-текке жазғанымыз жоқ. Жаңа дәрігерлік амбулатория салынған соң, ауылдың үлкендері ақылдаса келіп:
– Бұрынғы дәрігерлік амбулаторияны спорт мектебі ретінде ашсақ, – деген тоқтамға келген екен. Ауыл жастары үлкендерді қолдаған әрине. Содан соң ол ұсыныс аудан әкімінің халықпен кездесуінде де айтылды. Аудан басшысы да қолдады бұл ұсынысты. Сөйтіп, ауылдың 1985 жылдан бастап, 2002 жылы дүниеге келген азаматтары қаражат жинап, оларды аудандық мәслихаттың депутаты Тұрсынбек Досаев, Жақсылық ауылдық ардагерлер алқасының төрағасы Әнуарбек Тұрманбетов, Қажымұрат Байтұманов, Дінмұхамед Есболов, Жансерік Әкімбеков, Мәулен Мәлкеев ағалары қолдап, бұрынғы дәрігерлік амбулаторияға толығымен жөндеу жұмыстарын жүргізген. Жиынтығы 2 миллионнан астам қаражат жиналыпты. Сонау Алматыдан Ермахан Ыбырайымов, Азаматхан Әміртай, Дәркен Есімбеков секілді азаматтар да қаражат қосып, өздерінің ықылас-ниеттерін көрсеткен екен. Осылайша, ескі дәрігерлік амбулатория спорт мектебіне айналып, қазіргі таңда еркін күрес пен қол күресінен балалар мен жасөспірімдер жаттығуда. Әлбетте, олар өздері жаттығып жатқан жоқ. Балалар мен жасөспірімдерді еркін күрестен «Спорт шеберлігіне үміткер», осыған дейін Алматы қаласындағы «Жас қанат» спорт клубында жаттықтырушы болып жұмыс істеген білікті бапкер Еркебұлан Батырханов жаттықтырса, қол күресінен әскерилер арасында талай додаларда атой салған Құлан Мамыков балалар мен жасөспірімдерге осы спорттың қыр-сырын үйретіп жүр. Дәл қазіргі сәтте еркін күреске 40 бала, 5 қыз, ал, қол күресіне, яғни армрестлингке 39 бала жазылып, арнайы осы спорт түрлерімен айналысып жүр екен. Біз қол күресінің жаттықтырушысы Құлан Мамыковпен де, еркін күрестен балаларды баптайтын Еркебұлан Батырхановпен де сөйлестік. Екеуінің де мақсаттары айқын. Бар ойлағандары – осы Жақсылық ауылынан аты әлемге әйгілі спортшыны баптап шығару.
Кез келген ауылдың осылай ынтымағы мен бірлігі жарасып, қарттары қазыналы, жастары үлкендердің сөзіне құлақ асып, рудың емес, бүтіндей бір ұлттың намысын ойлайтын рухшыл болса, әу бастағы «Жас ұрпақ аға буыннан қандай үлгі алу керек?» деген сұрақтың жауабы табылмай ма? Ақшаның емес, ардың, қарынның емес, қазақтың болашағын ойлайтын азаматтар көп болсын!
Марат Диханбай.