Аманаттықтар Ернар Есіркеповтің кандидатурасын ұсынды
Өңірімізде әкімдер сайлауы өтетін аудандарда «AMANAT» партиясы филиалдарының конференциялары басталды. Конференция делегаттары әкім лауазымына ұсынылатын кандидаттарды бекітуде.
Өткен жұмада Құлан агротехникалық жоғары колледжінің акт залында «Аманат» партиясы Тұрар Рысқұлов аудандық филиалының кезектен тыс ХХХIХ конференциясы өтті. Конференцияға «Аманат» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Бейсенқұлов Дауыл Ынтықбайұлы, партия аудандық филиалының төрағасы Арыстанбеков Қанатбек Дәкенұлы, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы, партия аудандық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі Бижанов Қожайхан Қазыбайұлы және партия мүшелері қатысты. Конференцияда аудан әкімі Ернар Есіркепов «Аманат» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасы мен жол картасының Тұрар Рысқұлов ауданы бойынша көрсеткіштерінің және ҚР Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау науқанында сайлаушылардан түскен аманаттардың орындалу барысы туралы баяндама жасады. Содан соң аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы, партия аудандық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі Бижанов Қожайхан Қазыбайұлы, Ақтоған орта мектебінің директоры, аудандық мәслихаттың депутаты, партия аудандық филиалы «Көгершін» бастауыш партия ұйымының төрағасы Айтбаев Серік Шәкенұлы да баяндама жасады. «Аманат» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Бейсенқұлов Дауыл Ынтықбайұлы да сөз сөйлеп, партия тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Конференция жұмысына қатысқан делегаттар шешімімен Тұрар Рысқұлов ауданының әкімі лауазымына кандидат ретінде Есіркепов Ернар Серікәліұлы ұсынылды. Алдағы күндері ол аумақтық сайлау комиссиясында тіркеуден өтеді. Осылайша, іс-шараға 200-ге жуық делегат қатысып, олар аудан әкімі лауазымына Есіркепов Ернар Серікәліұлын ұсыну туралы шешім қабылдады.
2021 жылдан бастап өңірде 131 ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өткенін, оның барысында «AMANAT» партиясынан 121 кандидат жеңіске жеткенін ақпарат ретінде айтсақ болады. Бұл партияның саяси науқанға дайындығын және білікті кадр мен сауатты саяси платформа жүргізуін аңғартады.
М.Аятберген.