Соғыс ардагеріне құрмет көрсетті

181 Views

1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесі қарсаңында аудан әкімі Ернар Есіркепов пен аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов Жаңатұрмыс ауылында дүниеге келген Ұлы Отан соғысының ардагері Шалданбай Шаңбайұлының щаңырағына бас сұғып, 99 жастағы майдангер қартты мерекемен құттықтады.
Жұмысы қауырт болса да, қарияны қадірлеп, елеп-ескеріп, үлкенді ардақтай білгені үшін Ұлы Отан соғысының ардагері Шалданбай Шаңбайұлы аудан басшысына зор ризашылығын білдірді. Өз кезегінде аудан әкімі Ернар Серікәліұлы да сұрапыл соғыс жылдарында етігімен су кешіп, Отанының ұлтарақтай жері үшін күреске түскен майдангер қарияның ғибратты ғұмыры бүгінгі жастарымызға айрықша өнеге екенін тілге тиек етті.
Аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Қазыбайұлы да осындай қадірлі де құрметті қарттарымызды әрқашан құрметтеу қажеттігін атап өтті.
Шалданбай Шаңбайұлы осы күні 9 баладан 32 немере, 50 шөбере, 4 шөпшек сүйіп отырған өз ауылына ғана емес, аудан, тіпті облысқа сыйлы қария. Айта кетейік, ол «XXX лет советской армий и флота», «60 лет вооруженных сил СССР», «Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков», «Ұлы Жеңіске – 60 жыл» медальдарымен марапатталған.
Дәл қазіргі таңда Шалданбай Шаңбайұлы ауданымыздағы жалғыз ғана Ұлы Отан соғысының ардагері. Осыдан бірер жылдар бұрын олардың қатары көп еді. Сондықтан қарша бораған бомба мен қан майданның арасынан елге оралып, ұрпақ қамы үшін қызмет еткен ардагер қарттарымызды осылайша тірісінде бағалағанымыз жөн.

«Құлан таңы» ақпарат.

Поделиться ссылкой: