200 Views
Батыстық өркениетке һәм мәдениетке ұмтыламыз деп қазақ қоғамы бір нәрседен оңбай ұтылғандай көрінеді маған. Ол не дейсіз ғой?! Ол – ата мен әжені бала тәрбиесіне араластырмау процесі. Ата-баба дәстүріне терең үңілейікші, қадірлі оқырман. Қазақтың маңдайына біткен ұлы кемеңгер Абайды өз заманында әжесі Зере тәрбиеледі емес пе? Қазақтың ауыз әдебиетін, мақал мен мәтелін, жұмбақ пен нақыл сөздерін бала Абай әжесі Зере арқылы бойына сіңірді емес пе?! Бұл нені білдіреді? Бұл – адами капиталды қалыптастыруда көпті көрген ата мен әжені араластыру – тәрбиелеудің тиімді тетігі екендігін аңғартады.
Жуырда Көкдөнен ауылдық округінде «Ата мен әженің тәрбиесі – жас ұрпақты кемел келешекке бастайды» атты тақырыпта аудандық семинар өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Ербол Әбутәліпов, аудандық билер кеңесінің төрағасы Серік Өтегенов, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Түзел Алагөзова бастаған ақ жаулықты аналар мен ұстаздар және ауыл тұрғындары келіп қатысты. Жиынды ауыл әкімі Төлеген Атабаев ашып беріп, еңбегімен еленген ауыл ардагерлерін марапаттады. Сондай-ақ, Төлеген Алпамысұлы өскелең ұрпақты тәрбиелеуде ата мен әженің атқарар рөлі, алар орны ерекше екендігіне тоқталды.
Аталмыш тақырып аясында аудандық аналар кеңесінің мүшесі Галина Утеулиева да оябы бөлек ой айтты. Ақ жаулықты ана әжесінің басқан ізін аңдып, бауырына тығылып, етегіне оратылып жүретін кешегі бала, бүгінгі ата-аналардың көбі «заман талабы» деген желеумен еуропалық тәрбиені таңдағанын, тіпті, туған баласын әжесімен араластырмайтын жағдайлар орын алып жатқанын жеткізді. Сонымен қатар, Галина Майлыбайқызы кейбір отбасыларда әжелердің немереге де онша құлқы жоқ екенін қатаң сынға алды. Осыған сәйкес, аудандық аналар кеңесі толымды тірліктер атқарып жатқанын, жүйелі жоспарлар түзіп отырғанын мәлімдеп, біріге жұмыс істеуге шақырды.
Шарапаты мол шарада «пікірталас», «сұрақ-жауап» кезеңдері өткізіліп, арнайы шақырылған қонақтарға да сөз берілді. Жиынға жиналғандар ата мен әженің тәрбиесі жайында сөз қозғап, дүниеге келген сәбиді көзін ашқаннан бастап құшағына алып, бесік жырымен әлдилеп, ес білгенде ертегі-жырларымен сусындату керек деген ортақ ұйғарымға келді.
Жиын соңында белсенді қатысқан жандар марапатталып, жиылған жұрт ауылдық мәдениет үйі мен мектеп оқушылары даярлаған концерттік бағдарламаны тамашалады. Айта кетейік, аталмыш жиында Өнер мектебінің мұғалімдері мен шәкірттері де белсенділік танытып, көрермендердің көңілдерінен шықты.
Жәнібек СҰЛТАН.
Поделиться ссылкой: