Өмірі оның өнеге

201 Views

Жері жәннат, суы шәрбат, тарихы ежелгі Таразбен та­мыр­лас, шежірелі де киелі Құлан топы­рағында 1938 жылы шаңы­рағы көтеріліп, уығы қадалған бұ­рынғы Луговой, қазіргі Т.Рысқұлов ауданына биыл 85 жыл толып отыр. Өткен жылдар ішінде ауданнан 22 Еңбек Ері шы­ғып, есімдері аудан тарихына Алтын әріппен жазылды. Олар­дың 21-іне орталықта ескерткіш ор­натылды. Бұдан басқа да аудан тарихын қалыптастыруға, оның өсіп-өніп, өркендеуіне, экономикасының нығайып, гүлдене түсуіне еселі еңбегімен сүбелі үлестерін қосқан май­талмандар көптеп саналады. Олардың бірі мыңғыртып мал өсірсе, енді біреулері Жер Ана­ға маңдай терлерін төгіп, ел ризығын тасытуға күш — жі­герлерін аямай жұмсады. Тағы бірқатары сүт бұлағын сел­дет­се, көпке сыйлы, беделді аза­маттар ел басқару ісінде ерек­ше таныла білді. Солардың бірі – колхоз өндірісінің ірі ұйым­дастырушысы, пара­сат­ты­лы­ғы­мен көпшілік құр­ме­­тіне бөленген Бектенбай Қойшы­ма­нов.

Қазір ел арасында «Бектен­бай­дың талы», «Бектенбайдың бағы», «Бек­тен­байдың өткелі», «Бектенбайдың мек­тебі», «Бек­тенбайдың газы» деген тір­кестер көп айтылады. Осы сөздердің өзі ел игілігі жолында еселі еңбек еткен Бекеңнің – Бектенбай аға­ның өнегелі бет-бейнесін, парасат биігінен көрінетін обра­­зын бейнелеп тұрғандай емес пе? Иә, Бектенбай аға туралы кітап та жазылды. Белгілі жазушылар мен қа­ламы қарымды журна­листер де қалам тер­беді, очерк­тер жазды. Оның оброзын сом­­дады. Өзі тәрбиелеп, өмір жо­­лына түсірген шәкірттері жылы лебіздерін білдірді. Сондай шәкірттерінің бірі, тәжі­­рибелі агроном, елге сыйлы аза­мат Үттілда Тойғанбеков былай дейді:
– «…….Ел үшін еселі еңбек етіп, артына өшпес із қалдырған, атпал адамдардың жүріп өткен өмір жолы кейінгі ұрпаққа өнеге болса керек. Көзден кетсе де көңілден кетпейтін ондай адамдардың асыл қасиеттері көз алдыңда кино лентасындай тізбектеліп, сенің өміріңнің бөлінбес бір бөлшегіне айналып кеткендей болады. Сол бір асыл азаматтармен жүрген сәттеріңді, одан алған тәлім-тәрбиеңді әр­дайым сағынышпен еске алып отырасың. Бүгінде өмірден өт­­кеніне алдағы қаңтарда 20 жыл толатын болашағыма жол сіл­теген қадірлі ұстазым, кол­хоз өндірісінің ірі ұйым­дас­тырушысы Бектенбай ағам менің өмірімде ерекше орын алады.
Олай дейтінім, 1972 жылы сол кез­дегі Ленин атындағы кол­­хозға жоғары оқу орнын тәмам­­даған жеті бірдей жас ма­­ман жұмысқа келдік. Бізді «Мақпал» совхозынан кейін осын­да колхоз басқармасының төр­­ағасы болып келген Бектен­бай аға Қойшыманов пен пар­тия ұйымының хатшысы Кел­генбай Баймолдаев құшақ жая қар­сы алды. Содан бері мен та­баны күректей 20 жыл бойы білікті басшының тәрбиесінде болдым. Үйреніп, тәжірибесінде болып, адамдарға қамқорлық жа­сау­дың жолдарына қанықтым. Бұл кез менің өмірімнің аса бір маз­мұнды сәттері деп білемін».
Шәкірті осылай деп ой тол­ғайды. Өткен күндерді сағы­ныш­пен еске алады.
Иә, Бектенбай Қойшы­ма­нов­тың өмір жолы ғибратқа толы екен­дігін аудан, облыс, қала берді республика жұрт­шылығы жақ­сы біледі. Шалғайда жат­қан шағын ғана Жалпақсаз ауылында 1926 жылы дүниеге кел­­ген Бектенбай аға еңбекке ете­­не араласып, іскерлігімен, ұйым­­дастырушылық қабілеті­мен, парасаттылығымен әрі білік­­тілігімен көп­шіліктің сый құр­метіне бөленген атпал азамат бола­тын. Сонау соғыс жыл­­дары жай ғана бухгалтерлік курс­ты тәмамдаған зерек жан жаңа­дан іргесін кеңге жайып келе жатқан колхоз өндірісіне бел­се­не араласып кетіпті. Уақыт өте келе өндіріс пен білімді ұш­тас­тыруды көздеген жас жігіт Талғар қаласындағы колхоз бас­қармасы төрағаларын да­йын­­дайтын курсты бітіріп, Луго­­вой МТС-ында агроном, «Қы­зылшаруа» колхозында бас агро­ном, «Путь к коммунизму» кол­хозында комплексті бри­га­­даның бригадирі, басқар­ма төрағасының орынбасары қыз­­мет­терін мінсіз атқар­ды. Білік­ті­лігі мен парасат­ты­лы­ғы­ның арқа­сында ауыл тұр­ғын­дарының шек­сіз алғысына бөле­ніп, әр отба­сының қадірлі де сыйлы ел аға­сына айналды.
1965 жылы артта қалған «Мақ­пал» мал бордақылау совхо­зының ди­рек­торы қызме­тіне тағайындалған тұста Бек­тенбай ағаның нағыз ұйым­дас­тыру­шылық қабілеті байқалды. Аз ғана жылдар ішінде тау етегі­нен орын тепкен совхозды эко­но­микасы нығайған, елді ме­кені көркейген көрікті ауылға айналдырды. Өзге ша­руа­шы­лық­та жоқ интернат, балалар бақ­шасы, ауылдық клуб секілді әлеуметтік нысандар осында бой көтерді. Қазақ және орыс тілдерінде дәріс беретін орта мектеп ашылды. Совхоз елімізді ет өнімдерімен жабдықтайтын бірден-бір іргелі шаруашылыққа айналды.
Табиғаттың тылсым құ­пия­сын жан-тәнімен сезінетін Бекең атадан балаға өсиет болып қалған «Бір тал кессең – он тал отырғыз» деген қағиданы берік ұстанды. Осы мақсатпен ауыл маңынан аумағы ат шаптырым алма бағын жасап, онда әр түрлі сортты жеміс ағаштарын отырғызды. Ауыл тұрғындары мен мектеп оқушыларын, жастарды жасыл желекті қадірлеуге тәрбиелей білді. Олардың бойына та­би­ғат­қа деген махаббат сезімін қалып­тастыруға барынша үлес қос­ты. Бүгінде сол алма бақ «Бек­тенбайдың бағы» деген ат­пен белгілі. Өкінішке орай, ке­йінгі кездері сол алма бақтың ке­сіліп, оталып талан-таражға ұшы­рауы көңілге қаяу салады.
Бекең сан-салалы Ленин атын­дағы колхозды да жоға­ры биікке көтерді. Ауыл тұр­ғындарының әлеуметтік-тұр­мыстық жағдайы жақсарып, мәдениеті өркендеді. Қай жер­де болмасын жасыл желек жай­қалтуды назардан тыс қал­дыр­май­тын білікті басшы мұнда да саябақ ашып, онда түрлі жеміс ағаштарын отырғызды. Алма бақты аялы қам­қор­лыққа алып, жастарды табиғатқа қам­қоршы болуға үйретті. Кезінде сол алма бақтың жоғарғы жағы­нан бірде-бір ша­руа­шылықта жоқ демалыс-са­уықтыру орталығын ашты. Онда тиіс­ті орындардан шипалы су мен балшықты тасымалдап жет­кізіп, ауыл қарияларын, арда­герлерді, еңбек озаттарын ем­деп, сауықтыру жұмыстарын дұ­рыс жолға қоя білді. Бұл сол кез­дегі шаруашылықта болмаған үр­діс еді. Ал жазда сауықтыру ор­талығы демалысқа шыққан мек­теп оқушыларының жарқын жаз­ды қызықты өткізетін лагеріне айналды. Осының барлығы да бүгінгі ауыл тұрғындарының әлі күнге көз алдында.
Біз бүгін колхоз өндірісінің ірі ұйымдастырушысы бол­ған Бекеңнің – Бектенбай Қой­­шымановтың қол жеткен эко­но­­­микалық көрсеткіштерін сөз еткен жоқпыз. Жоғарыда ай­тыл­­ғандай, әлеуметтік мәселе­лер­дің дұрыс шешілуінің өзі сол көрсеткіштерге, колхоз бай­лы­­ғына байланысты екендігін көзі қарақты оқырман пайымдай біле­­ді деп ойлаймыз.
Иә, өмірде өшпес із қалдырған парасат иелерінің есімі мәңгі жа­сайды. Бектенбай аға Қойшы­манов «Ленин» орденімен, екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» орде­ні­мен, Бүкілодақтық Халық Шаруашылығы Жетістіктері Көр­месінің Қола, Күміс, Алтын медальдарымен, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құр­мет Грамотасымен, Қазақстан Рес­публикасы Прези­ден­ті­­нің Құттықтау Хаты­мен ма­­ра­патталған. Қазақстан Рес­­публикасының Ауыл­ша­руа­шылы­ғына Еңбегі сіңген қыз­мет­кер, ауданның Құрметті азаматы бол­­ған парасат иесі.
Өмір – өнегеден тұрады де­сек, осындай парасатты жан­дар­дың жүріп өткен жолы жас ұр­паққа мәңгілік үлгі екені даусыз.
Біз Бекеңнің шәкірті Үттілда Тойғанбеков екеуміз әлі сұх­бат­тасып отырмыз. Әңгіме өзегі Бекеңнен ауытқыр емес. Шәкіртінің сағынышқа толы естеліктері де таусылатын түрі жоқ. Ауылда, қала берді ауданда диқандар әулеті атанып кеткен Үттілда, Мүсәтілда, Ассатілда секілді атпал азаматтардың ат­қар­ған игілікті істері де тілге тиек болды.
– Айтпақшы, – деді Үттілда Той­ған­беков, – ауданда бірінші болып та­биғи газ кіргізілген біздің Көкдөнен ауылы болды. Ол кезде тіпті аудан орта­лығында да газ жоқ болатын. Осының бар­лығын, яғни, газ тарту жауап­кер­шілігін Бектенбай ағам маған жүктеді. Өзі үнемі бақы­лауға алып, нұсқаулар беріп тұр­ды. Осы тұста мен тағы да жауапкершілік жүгін қалай сезі­ну­ді Бектенбай ағамнан үйренген едім.
Білікті ұстаздан тәлім алсаң, ол саған өмірлік азық. Бұл өмір­ден алынған ақиқат. Бұған тәжірибелі агроном Үттілда Той­ған­бековтың әлі де аттан түспей, қы­зылша өсірудің қыр-сырын аудан балтамыр бапкерлеріне түсін­діріп жүргені толық дәлел бол­са керек.

Тұрсынхан Жаманбаев,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.

Поделиться ссылкой: