Ішек инфекцияларының алдын алу
Ішек аурулары әдетте іш бүріп ауырып, құсып, іштің сұйылып өтуінен басталады. Көп жағдайда ауру жеңіл түрде өтеді. Мұндай жағдайда инфекциямен күресу қиынға соғады. Себебі ауру адам өзін сау санап, айналасындағыларға қауіпті болып қалады.
Барлық ішек инфекцияларының таралу жолы біреу: қоздырғыш микробтар ауыз арқылы ішке түсіп, көбейеді, одан дәретпен сыртқа шығып, суға, топыраққа, азық-түлікке түседі. Аталған ішек аурулары ауру адамнан, оның ішінде жеңіл түрде ауыратын науқастан және бактерия тасушыдан, яғни аурудан айыққан немесе дені сау болып жүріп, аурудың микробын тасып жүретін адамдардан жұғады.
Барлығымыздың есімізде болатын нәрсе: тұрмыста да, жұмыста да тазалық пен мәдениеттілік әдеттері іш ауруларына қарсы негізгі шаралар болып табылады.
Міндетті түрде жеке бастың тазалығын сақтау қажет. Қолды үнемі, әсіресе әжетханаға барып келгеннен соң, ас ішер алдында жуу керек.
Ішек инфекцияларының алдын алу шараларында судың маңызы зор. Суды біз күнделікті тіршілікте, яғни қолды, ыдыс-аяқты жуғанда, шомылғанда және басқа да тұрмыстық қажетке пайдаланамыз. Суды, әсіресе ашық су айдындарынан алынған суды, (құдықтан, өзеннен, көлдерден және басқалардан) қайнатпай ішпеген жөн.
Тез бұзылатын азық-түліктер мен тамақтарды тоңазытқышта сақтаған жөн. Олардың сақталу мерзімі мен қандай жағдайда сақталатынына көңіл болу қажет. Иістенген, дәмі бұзылған тағамды жеуге болмайды. Азық-түлікті шыбын-шіркейден сақтау қажет. Сүтті қайнатып барып тұтыну керек. Көкөніс, жеміс-жидек, көк-сөкті ағып тұрған су астында жуып, қайнаған сумен күйдіріп шаю қажет.
Ас қалдықтарын жабық ыдысқа жинап ұстаған жөн. Қоқыс жәшіктерін, жуынды мен әжетхана шұңқырларын жауып қойған дұрыс. Әжетхана есігі жабылатын болу керек. Әр кез әжетхана мен қоқыс жәшіктерін дезинфекциялық қоспалармен тазалап қойған дұрыс. Іш ауруларының алдын алу шаралары тек қана дәрігерлердің ісі емес, көп жағдай адамның өзіне, оның сана-сезіміне, тәртіптілігіне байланысты.
Біздің әрқайсымыз өзіміздің денсаулығымызды және айналамыздағы басқа адамдардың денсаулығын қорғауға жауапты екенімізді сезінуіміз керек.