Дерматомикоз немесе теміреткеден сақтанайық!

255 Views

Дерматофития – шашты, теріні, тырнақты, аяқты, бетті зақымдайтын микозды жұқпа. Ол халық арасында теміреткі деген атпен белгілі. Терінің микозды ауруы (микоздар немесе дерматофития) – адамның терісіне ауру тудыратын микроскопиялық саңырауқұлақтардың енуінен пайда болатын жұқпалы ауру. Олар табиғатта кең таралған. Қазіргі уақытта адам терісінің жұқпалы ауруын тудыратын 500 түрі белгілі. Ауру тудыратын саңырау­құлақтар теріге басқа да жұқпа­лардың енуіне жол ашады және аллергиялық аурулардың негізгі себептерінің бірі болып табылады. Адамдар мен жануарлардың дерма­томикоздары ветеринарлық және әлеу­меттік-медициналық ең өзекті мәселе. Қазіргі уақытта бұл мәселеге ерекше көңіл аударылуының себебі, жұқпаның өте жылдам жұғуына және таралуына байланысты. Дермато­микоздармен көбінесе балалар ауырады. Аурушаңдық деңгейі жылдың күз және қыс мезгілдерінде көтеріледі. Ауру көздері науқас адамдар және үй жануар­лары болып табылады. Олар: ірі қара малдар, мысықтар, иттер. Теміреткі ауырған үй жануарларынан және ауру қоздырғышымен залалданған әртүрлі қоршаған ортадағы заттардан жұғады. Үй жануарларын лас, қараңғы, тар қораларда ұстағанда олардың арасында дерматомикоз ауруы кең таралады. Ауру қоздырғыштары жануарлардың жүндерімен, тері қабыршақтарымен қора-жайдың еденіне, қабырғасына, төсемшілеріне, малдардың күндізгі тұрағына түседі. Мысықтар ауырмаса да, жүндерімен микоздың қоздырғыштарын үйге әкеледі.
Жұғу жолдары:
– Қатынастық-теміреткенің қоздыр­ғыш­тарын жұқтырған науқастардың тері қабыршақтары, шаштары, жануар­лардың жүндері арқылы жұғады;
– Тұрмыстық-теміреткінің қоздыр­ғыштарымен залалданған науқастардың бас киімдері, төсек жамылғылары, та­рақ­тары, қайшылары және қолда­ныстағы тағы да басқа заттары жұғады.
Дерматомикоздарды немесе темі­рет­кіні жұқтырмау үшін:
– Үй жануарларын ұстағаннан кейін қолды мұқият сабындап жуыңыздар;
– Сүлгі мен жамылғыларын жиі-жиі жуып, үтіктеп отырыңыздар;
– Тарақтарыңызды үнемі таза ұстап, басқа адамдардың пайдалануларына жол бермеңіздер.
– Шаштаразға, спорт залына бар­ғаннан кейін міндетті түрде душ қабыл­дап немесе моншаға түсіңіздер;
– Дерматомикозбен ауырған үй жануар­­ларын далаға тастамаңыздар;
– Балаларыңыздың кезбе иттермен және мысықтармен ойнауларына жол бермеңіздер;
– Мысықты немесе итті асырауға алу алдында, оларды аумақтық ветери­нар­лық дәрігерге тексертіп, дерма­томи­козға қарсы вакцина салдырып алыңыздар.
Аурудың алғашқы белгілері пайда бол­ғанда өздіктеріңізден ем қолданбай, бір­ден дәрігерге қаралыңыздар.

 

Поделиться ссылкой: