Ұланы олар Ұлы елдің!

87 Views

«Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы 2011 жылдың 6 шілдесінде сол жылдары ел тізгінін ұстаған Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынып, құрылған болатын.

Адалын айту керек, «Жас Ұлан» қазіргі күні оқушылардың шығармашылық әлеуетін арттырып, жас өрендерді ұлтжандылыққа, патриоттықа тәрбиелейтін бірегей ұйымға айналып отыр. Жыл сайын бұл ұйымға мүшелікке қабылданған оқушылардың да саны артып келеді. Мәселен, алғаш құрылғанда құрамында 200 оқушы болса, қазіргі күні легі-легімен есептейтін болсақ, 13861-ді құраған екен. Бұл жоспарлы әрі жүйелі жұмыстың нәтижесі деп түсінген жөн.
Өткен аптада Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің акт залында «Ұланымыз ұлы елдің»деген тақырыпта аудандық «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы көшбасшыларының арасында кезекті форум өтті. Форумға аудандық білім бөлімінің басшысы Майра Базарова, аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Бауыржан Самылтыров, аудандық балалар мен жасөспірімдер орталығының директоры Айдар Жұмағұлов және «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Ерболат Жәдік қатысты. Форумда Майра Айдарбекқызы сөз сөйлеп, бұл ұйымның әлеуеті үлкен маңызға ие екенін тілге тиек етті. Одан кейін сөз сөйлеген Ерболат Жәдік те мектеп оқып жүрген кезінде «Жас Ұлан» ұйымының белсенді мүшесі болғандығын сөз етіп, аталмыш ұйымның жастарға берер тағылымы төңірегінде сөз қозғады. Жалпы, Эльзат Тілеубаева ұйымдастырған іс-шара жұп-жұмыр өтеді ғой. Өйткені, ол әбден тәжірибесі толысқан педагог. Осы жолы да солай болды. Форумның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын баса айтқымыз келеді. «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының үйлестірушісі Эльзат Тілеубаеваның іскерлігі мен зор еңбегін осы арада атап өткен абзал.
Содан соң оқушылар сахнаға шығып, ән айтып, би биледі. Айталық, Максим Горький атындағы орта мектептің 5 сынып оқушысы Айжан Тұрарқұл «Ұланыңмын, Ұлы Отан!» өлеңін мәнерлеп оқыса, осы мектептің тағы бір оқушысы Бибінұр Серік «Отан», Райымбек Смаилов атындағы орта мектептің оқушылары Інжу Рымжан, Нұрсая Керімхан, Алихан Құлжанбай, Марлен Мұратбек «Менің Қазақстаным!», №1 лицей мектебінің оқушысы Сәкен Нұрисламұлы «Қазақтың ұлымын», балалар мен жасөспірімдер орталығының «Жас қанат» квартеті «Бақытты балалық шақ» әндерін орындаса, Ақбұлақ шағын орталықты орта мектебінің «Ай-Ару» би тобының қыздары «Қазақ» биін мың бұрала биледі. Сондай-ақ, Жамбыл атындағы орта мектептің ұланбасшысы Әлия Сейділдә, Райымбек Смаилов атындағы орта мектептің ұланбасшысы Жанбота Әбдіқапар және Мұхтар Әуезов атындағы тірек мектептің ұланбасшысы Шұғыла Ақбас ашық мінбеге шығып, елдің тұтастығы мен бірлігі төңірегінде оябы бөлек сөздер сөйледі. Одан кейін 7-16 жас аралығындағы мектеп оқушылары «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымына салтанатты түрде қабылданды. Форум соңы әдеттегідей мектеп тәлімгерлерінің орындауында әр өлеңінен өсиет төгіліп тұратын ақын Қадыр Мырза Әлінің сөзіне жазылған композитор Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен қорытындыланды.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: