Жүзігің алтын болғанша, жүзің жарқын болсын!
Серік Қайсарұлының есімін мен жақсы білемін. 2000-шы жылдардан кейін ол Көгершін ауылына қоныс аударды. Осы ауылдың балаларын еркін күреске баулып, жаттықтырды. Ақтоған орта мектебінде оқып жүрген жылдары линейка деген болатын. Әлі де бар шығар. Сонда баламыз ғой, линейкада ол баптаған шәкірттер, яғни мектеп оқушылары қай жарысқа қатысса да, міндетті түрде жүлдемен оралатын. Сол сәттер әлі күнге дейін көз алдымда. Өстік. Еңбекке араластық. Жазудың машақатымен ел аралаймыз. Сондағы байқағаным, көп адамдар Серік Қайсарұлының есімін біледі. Сұрайды. Қазір ойлаймын, жүзінен әрдайым мейірім төгіліп тұратын Серік Қайсарұлы өмірде шыншыл, намысшыл, басынан сөз асырмайтын жүректі азамат болған екен ғой… Өйткені, мен таныған, сөйлескен адамдар солай дейді.
Ақыры адамдардың болмысын сөз еттік екен, мына жайтты да жазайық. Бір адамдар болады, «бәле іздегіш». Ондай адамдардың көпке де қадірі болмайды. Бір адамдар болады, атақ қуған мансапқор. Ол да түбінде адамның тұлғалық болмысына кері әсерін тигізеді. Ал бір адамдар болады, ешкімге зияны жоқ, атақ пен мансапқа «пішту» деп қарайтын, кеудесі жамандыққа емес, ізгілікке толы. Бірақ, мұндай адамдар сирек қазір. Біз білетін Нұрманбетов Серік Қайсарұлы осының үшінші сатысындағы жұрт сыйлайтын АБЫРОЙЛЫ АДАМ болды. Ол бала күнінен еркін күреспен шұғылданды. Бүкілодақтық жарыстарда жүлдегер де болған кезі көп. Кейіннен бапкерлікке бет бұрып, шәкірт тәрбиеледі. Еркін күрестен Сидней Олимпиадасының күміс медаль иегері, даңқты балуан, атақты жерлесіміз Ислам Байрамуковтың алғашқы бапкері де дәл осы Серік Нұрманбетов екенін қазіргі жастар білуі керек.
Иә, өмір дегеніңіз – қамшының сабындай ғана қысқа. Өтеді де кетеді. Ешкім мәңгілік емес. Асып-тасыған байлығыңды ешқайда алып кетпейсің. Сондықтан өлшеулі өмірде барынша әділ, адал, кішіпейіл болып, ең бастысы, еселі еңбек ету керек. Ол қазір бағаланбаса да, келешекте міндетті түрде бағаланады, айтылады. Біздің оған сеніміміз кәміл. Міне, біз жазып отырған Нұрманбетов Серік Қайсарұлы сияқты. Адам өмірден өткен соң, артынан жақсы сөздер айтылса, онда расымен де сенің ЖАҚСЫ АДАМ болғаның емес пе?..
Қараша айының 17-сі мен 18-і күндері, яғни өткен аптада Құлан ауылындағы «Бұқаралық іс-шараларды дамыту орталығының» ғимаратында еркін күрестен 2009-2010 жылы туылған жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Нұрманбетов Серік Қайсарұлын еске алуға арналған облыстық турнир өтті.Турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев қатысып, сөз сөйледі. Әлібек Мамытжанұлы өз сөзінде Серік Қайсарұлының аудан спортының дамуына қосқан үлесі ұшан-теңіз екенін айтты. Одан кейін сөз сөйлеген Берік Қайсарұлы бауырының өте еңбекқор әрі батыл азамат болғандығын тілге тиек етті. Серік Нұрманбетовтың жары Ұлбосын жеңгей де жұбайының кейбір адам болмысында бола бермейтін көркем мінездерін айтты. Ал, Серік Нұрманбетовпен замандас болған, өзі де талай шәкірт баптаған сыйлы азамат, Қазақстанға еңбегі сіңген спорт қызметкері Ұланбек Омарбеков досының іскерлігін, азаматтық болмысын, қастыққа емес, достыққа адал азамат болғанын айтып, осы жарысты ұйымдастырушыларға, яғни Берік Нұрманбетовке, аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерлік Шабеев пен Серік Қайсарұлының шәкірттеріне алғысын жаудырды. Содан соң жарыс басталды. Көрдік. Тамашаладық. Нәтижесі төмендегідей.
29 келі салмақ дәрежесінде жүлделі үшінші орынға тараздық қос спортшы Бақытжан Омар мен Абдуллах Хасанов ие болса, ақтық бәсекеде қарсыласқа есе жіберген жамбылдық Ерасыл Қырғызбайға жүлделі екінші орын бұйырды. Қордайлық Нұрасыл Уралбайға бұл салмақта тең келер қарсылас табылмады. Ол осы салмақтың жеңімпазы болды. 32 келі салмақ дәрежесінде жүлделі үшінші орынға қордайлық Байнұр Асан мен құландық Бекжан Жамашбек ие болса, жүлделі екінші орын құландық Дінислам Меркібекке бұйырды. Бұл салмақта құландық Бақдәулет Серік жеңімпаз атанды. 35 келі салмақ дәрежесінде жүлделі үшінші орынды тараздық Арсен Қуаныш пен құландық Нұрислам Бадан иеленсе, жүлделі екінші орын алматылық Хасанали Жолымбекке бұйырды. Осы салмақтың чемпионы қордайлық Абдулходир Исмаги болды. 38 келі салмақ дәрежесінде алматылық Дінмұхамед Серік пен құландық Марғұлан Үмбет үздік үштіктен көрінсе, жүлделі екінші орын тараздық Рамазан Вахайдың еншісіне жазылды. Құландық Темірлан Ахан осы салмақтың чемпионы атанды.
41 келі салмақ дәрежесінде жүлделі үшінші орынға тараздық Бауыржан Әбдіразақ пен алматылық Төлеби Аманғали ие болса, финалда қарсыласқа жол берген тараздық Эльдар Аббасовқа жүлделі екінші орын бұйырды. Бұл салмақта құландық Нұрислам Макаев шеберлігін көрсетіп, жеңімпаз болды. 44 келі салмақ дәрежесінде жүлделі үшінші орынды тараздық қос балуан Батырхан Қарақыстақбай мен Диас Аманқұл иеленсе, жүлделі екінші орын тағы бір тараздық балуан Нұрмұхамед Нұрмаханға бұйырды. Құландық Ерасыл Мұхамбет осы салмақтың чемпионы атанды. 48 келі салмақ дәрежесінде қордайлық Али Джамалов пен тараздық Нұрасыл Нохай үздік үштіктен көрінсе, құландық Ислам Зауытбектің еншісіне жүлделі екінші орын жазылды. Алматылық Нұртас Сейілбек 48 келі салмақ дәрежесінде топ жарды.
52 келі салмақ дәрежесінде жүлделі үшінші орын алматылық Байбақ Бекмұрат пен байзақтық Алдияр Джумуровтың еншісіне жазылса, жүлделі екінші орынға құландық Жарас Саяқ ие болды. Құландық Азамат Темірлан бұл салмақтың жеңімпазы атанды. 57 келі салмақ дәрежесінде жүлделі үшінші орынға алматылық Тоқтар Тенгибаев пен құландық Ерсұлтан Тауан ие болса, жүлделі екінші орын тараздық Қуаныш Жақсылыққа бұйырды. Тараздық Арсен Құрамаев осы салмақтың чемпионы болды. 62 салмақ дәрежесінде алматылық Али Қуатбек пен тараздық Абдурахман Бақытжанұлы үздік үштіктен көрінсе, жүлделі екінші орын құландық Санжар Сейіткранның еншісіне жазылды. 62 келі салмақ дәрежесінде Замир Данияр үздік болып, жеңімпаз атанды. 68 келі салмақ дәрежесінде жүлделі үшінші орынды қордайлық Төлеген Мұратхан мен құландық Саят Бақпан иеленсе, жүлделі екінші орын құландық Диас Сейіткранның қанжығасына жазылды. Бұл салмақта алматылық Умиджан Муратжанов топ жарды.
Біз ұйымдастырушылардан сұрадық. Алдағы уақытта бұл жарысты дәстүрге айналдырып, жыл сайын ұйымдастыру көзделіп отыр екен.
Марат Диханбай.