Қазақстан мен Того президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

197 Views

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Фор Эссозимна Гнассингбе екі мемлекеттің ресми делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.
Қазақстан Президенті Того делега­циясына ілтипат білдіре отырып, достас екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың 10 жылдығы қарсаңында Астанада өтіп жатқан бұл сапардың символдық мәні бар екенін атап өтті.

– Бүгінгі келіссөздер екіжақты байла­ныс­тардың жаңа кезеңін айқындап, өзара тиімді ынтымақтастығымыздың перс­пективті бағыт­тарын зерделеуге зор мүмкіндік береді. Біз Тогомен ара­дағы ықпалдастықты нығайтуға мүд­деліміз және Сіздің еліңізді Афри­ка­дағы маңызды серіктес ретінде қа­рас­­тырамыз, – деді Мемлекет бас­шы­сы.
Президент екі елдің бір-бірінен алыс жатқа­нына қарамастан, ортақ тұс­­тары көп екеніне, атап айтқанда, көп­­конфессиялы және көпэтносты құра­­мымен ерекшеленетініне тоқталды.
– Қазақстанда 100-ден астам этнос өкіл­дері тұрады. Конфессияаралық және дінаралық диалогты дамыту – біздің мемлекеттік саяса­ты­мыз­дың басым бағыттарының бірі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының пікірінше, Қазақстан мен Того арасындағы серік­тестіктің әлеуеті әлі толық пайда­ла­нылмай отыр. Оны дамыту үшін екіжақты құжаттарға, соның ішінде инвестицияларды өзара қорғау туралы келісімге қол қою қажет.
Қазақстан Президенті екіжақты сауда-саттық­ты өркендету және іскер топтар арасындағы байланысты ны­ғайту маңызды екеніне тоқталып, Қа­зақстанның Тогодағы Құрметті консулы лауа­зымына лайықты кандидатты анық­тауды ұсынды. Мемлекет басшысы мұн­дай қадам екі ел арасында B2B форма­тындағы байланыстарды дамытуға септігін тигізеді деп есептейді.
– Бүкіл әлемдегі халықаралық ынтымақ­тастықты нығайтуға атсалысу ісінде Қазақстан мен Того сияқты мемле­кеттер мейлінше белсенді және конструктивті рөл атқара алады деп санай­мын, – деді Мемлекет басшысы.
Фор Гнассингбе құрмет көрсеткені үшін Қазақстан тара­пына алғыс айтып, өзара мүддені көздейтін эконо­миканың түрлі салаларында ынтымақтастық орна­туға бейілді екенін растады.
– Қазақстанға сапармен келуге шақыруыңыз біз­дің қарым-қатынасымызға тың серпін береді. Қазақстан мен Тогоның стратегиялық серіктес болу­ға мүмкіндігі бар. Сіздің еліңіздің экономикалық әлеуеті зор. Біздің делегация сауда, экономика, тау-кен, ауыл шаруашылығы, көлік, цифрландыру салаларын­да­ғы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі. Жан-жақты байланыс орнатуға бағытталған келіс­сөз­деріміз қос тараптың өзара ықпалдастықты терең­детуге ниетті екенін айқын көрсетті, – деді Того Президенті.
Мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Того арасындағы серіктестікті дамыту перспек­тива­ларын талқылады. Сондай-ақ келіссөз бары­сында саяси диалогты жолға қоюға, сауда-эконо­микалық, инвестициялық, энергетикалық, көлік-логистикалық және мәдени-гуманитарлық салалар­да­ғы ынтымақтастықты кеңейтуге, денсаулық сақ­тау және әскери өнеркәсіп бағытында өзара ықпал­дастық орнатуға ерекше назар аударылды.

AKORDA.KZ

Поделиться ссылкой: