Қуана білгенге құт қонар, Бағалай білгенге бақ қонар

220 Views

Сәрсенбі күні аудан әкімінің орынбасары Ерғазы Еспенов Құлан ауылының тұрғындарымен кездесті. Құлан агротехникалық жоғары колледжінде өткен кездесуге аудан әкімдігінің бірқатар бөлім басшыларымен қатар мекеме басшылары да қатысты. Кездесуде Ерғазы Жұмабекұлы бұл жиын Мемлекет басшысы бекіткен №826-шы Жарлыққа сәйкес ұйымдастырылғанын, жыл басынан бері дәл осындай барлығы 228 кездесу жоспарланып, бүгінгі күні ауыдық округ әкімдерінің қатысуымен 127 кездесу өтсе, аудан әкімінің 60-шы кездесуі өтіп отырғанын айтты. Содан соң Ерғазы Жұмабекұлы аудан аумағында атқарылған және алдағы уақытта атқарылатын толайым тірліктерге тоқталды. Аудан орталығы болып есептелетін Құлан ауылында газ бар. Шүкір, сапалы ауыз су да бар. Рас, жаз мезгілінде судың мөлшері «аздап» төмендейді. Өйткені, жалғыз ғана су іркуіш имаратының қуаттылығы тұтастай Құланның халқына жетпейді. Кейбір көшелерде ауыз су мөлшерінің азайып жататыны сондықтан. Алайда, келер жылдан бастап, ол мәселе де шешімін таппақ. Нақтырақ айтсақ, биылдан бастап «Арай» тұрғын үй алқабында жаңа су іркуіш имараты салынып, басталды. Жоба келер жылға өтпелі. Бұйыртса, 2024 жылы Құландағы ауыз судың «жыры» толғымен шешілуі тиіс.
Одан бөлек биыл «Арай» тұрғын үй алқабынан «Жайлы мектеп» жобасы аясында жаңа мектеп салынды. Оны біз жаздық газет бетінде. Құлан ауылдық округіне қарасты 2 елді мекен, яғни Қарақат пен Шөңгер ауылдарының да жылдан-жылға әлеуеті артып келеді. Биыл Қарақат ауылынан «Құлан мал» базарына дейінгі аралыққа электр бағаналарымен қатар жарықшам орнатылды. «Жасыл белдеу» бағдарламасы бойынша Қарақатқа барар жолдың бойына ағаштар егілді. Келесі жылы Шөңгер ауылына жаңа ауыз су құбыры жүргізілетін болады. Ауылішілік көшелерге жыл сайын асфальт төселіп жатыр. Міне, осындай ауқымды істердің барлығын Ерғазы Еспенов өз баяндамасында тайға таңба басқандай баяндап берді.
Халық та осындай тірліктердің біразынан хабардар. Сондықтан сұрақ қойып, көп уақыт алған жоқ. Тек Шөңгер ауылында тұратын азаматша ғана жол мәселесі бойынша сұрақ қойды. Оған тиісті жауап қайтарылды. Кездесу соңынан аудан әкімінің орынбасары Ерғазы Жұмабекұлы қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындардың жеке сауалдарына да жауап берді. 

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: