Енді сұмқайтылықтар таза ауыз судың, шолаққайыңдылықтар көгілдір отынның рахатын көретін болады
Олардың басым бөлігі бүгінде ауылшаруашылығы саласында екпінді еңбек етіп жүр. Агросаланың алшаң басуына өзіндік үлесін қосып жүрген жандар да бүгінде мемлекеттік бағдарламалардан шет қалмауы тиіс.Осыны ойға алған аудан басшылығы жуырда аталмыш елді мекенге таза ауыз суын жеткізді. Өрнек ауылдық округіне қарасты Сұмқайты елді мекенінде 16 түтінде 90-ға жуық адам тұрады.
Сұмқайты елді мекеніне облыстық бюджеттен 26 млн. теңге қаражат қарастырылып, халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында кешенді модульдік блок қондырғысын орнату арқылы таза ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланған. Бүгінгі таңда аталған кешенді модульдік блок қондырғысы орнатылып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Бұл халық саны 200-ге жетпейтін Сұмқайты елді мекенінің тұрғындарына жасалған жақсылық. Ауданда дәл осындай ауылдардың тағы төрт-бесеуі бар. Оларға ше?
Қосымша облыстық бюджеттен Әбілхайыр елді мекеніне де осындай кешенді модульдік блок қондырғысын орнату жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта ол да іске қосылып, пайдалануға берілетін болады. Сонымен қатар, бізде халық саны 200 адамнан төмен, қосымша тағы төрт елді мекен бар. Ол елді мекендерге осындай кешенді модульдік блок қондырғысын орнату 2024-2025 жылдарға жоспарланған. Мақсат айқын, жоспар да жүйелі.
Аудандық атқамінерлер биыл тек Сұмқайты елді мекенінің тұрғындарына ғана емес, Тереңөзек ауылдық округіне қарасты Шолаққайыңды ауылының халқына да үлкен сый тарту етті. Талай жылдан бері тұрғындар тілегіне айналған көгілдір отын аудан орталығынан шалғай орналасқан елді мекенге де жетті. Ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ.
– Бұрын көмір жағатынбыз. Қазір Аллаға шүкір, газ жағып отырмыз. Үйіміз жылы. Аудан әкімі Ернар Есіркеповке шексіз ризамыз, – дейді ауыл тұрғыны.
– Биыл көптен күткен Шолаққайыңды ауылына табиғи газ кірді. Жалпы құны 162 млн. теңгені құрап отыр. Халықтың қуанышында шек жоқ. Бұл дегеніміз –
«Жаңа Қазақстанның» нақты көрінісі емес пе? Елдің де көңіл-күйі көтеріліп қалды, – Тереңөзек ауылдық округінің әкімі.
Ауылдық округ әкімі сұхбат барысында елді мекенді дамыту жоспарымен де бөлісті.
– Шолаққайыңды ауылында жөнделмеген жол жоқ емес, бар. Осы ауылдағы Бауыржан Момышұлы көшесіне асфальт төсеу қажет. Оны келесі жылға «Ауыл – ел бесігі» жобасына енгізіп отырмыз. Аудандық бюджеттен қаражат қарастырылған. Жалпы құны 9 млн. теңге. Бұдан бөлек елді мекенде мектеп бар. Ол мектеп 1960 жылы пайдалануға берілген. Бүгінгі таңда тозығы жеткен. Осыдан жиырма бір жыл бұрын күрделі жөндеуден өткен. Дегенмен, алдағы уақытта Шолаққайыңды елді мекеніне 80 орындық жаңа білім нысанын салсақ деп жоспарлап отырмыз, – деді Қанат Смат.
Ауданнан шалғай орналасқан Шолаққайыңдыда бүгінде 372 адам 72 түтінде тату-тәтті өмір сүруде. Бүгінгі күнге дейін олардың 60-тан астамы көгілдір отынға қосылған.
Ж. Базылбек.