Отбасылық құндылық бәрінен де маңызды
Бүгінгі таңда халықаралық аренада әйелдердің саяси көшбасшылығы уақыт өткен сайын айқындалып келеді. Қоғам мен мемлекет тарапынан да нәзік жандылардың іскерлік белсенділіктері мен саяси ықпалдастықтарына деген сенім жоғары деңгейде көрініс табуда.
Қазіргі кезде «гендерлік теңдік» деген ұғым үлкен саяси ғылымға жалғасып, гендерлік теңдік аясында «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» Заң қабылданды. Бұл Заң тек әйелдерге ғана емес, отбасының басқа да мүшелерінің тең құқықтарын сақтап, тұрмыстағы қысымды болдырмауға ықпал етеді.
Мемлекеттің отбасын кешенді қолдау бойынша түрлі шаралар қабылдауына қарамастан, шұғыл шешім қабылдауды талап ететін мынадай үрдістер орын алуда. Ажырасу және некесіз бала туу үрдісінің өскені байқалады. Шамамен әрбір үшінші неке ажырасуда. Кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар ерлі-зайыптылардың ажырасу үлесі көбейіп келеді. Ер адамдардың гендерлік жағдайдағы еркіндігі әкелердің бала тәрбиесіне аз қатысуына және баланы асырауға алимент төлеудегі мәселелерге әкеп соқтырады.
Ажырасу үлкен проблемаға айналғаны жасырын емес. Статистикаға жүгінсек, елімізде 400 мыңға жуық жалғызбасты әйел, 60 мыңға тарта жалғызбасты әке бар екен. Осы көрсеткіштің өзі-ақ ажырасуды азайтуда жаңа жолдың қажеттігін көрсетеді. «Отбасылық сот» дәл сондай қажеттіліктен туындады. Жобада ажырасуға бел буған ерлі-зайыптылармен тек сот қызметкерлері ғана емес, психологтар да жұмыс істейді. Мұндағы басты мақсат – ерлі-зайыптылардың ажырасу жөніндегі талап арыздарын қарау емес, керісінше, отбасын сақтап қалу және оны сауықтыру, шаңырақта қалыптасқан мәселелерді шешуге, өзара татулыққа жеткізу. Бұл жобаның басты мақсаты – шаңырағы шайқалудың аз-ақ алдында тұрған отбасыларды ажырасудан сақтап қалып, татуластыру болып табылады.
Айта кету қажет, №434 29.11.2019 жылғы қаулысымен «Отбасы мәселелері бойынша жұмыс тобы құрылған. 15.03.2021 жылы №76 қаулысымен «Отбасы мәселелері бойынша» жұмыс тобы қайта құрылып, бұл топпен аудандық сот тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуде.
Топтың негізгі мақсаты – неке және отбасы қатынастарынан туындайтын даулардың санын азайту, халыққа, азаматтарға құқықтық көмек көрсету.
Жоба – қоғамдағы ажырасуды азайту, дау-дамайлардың мөлшерін қысқартып, отбасы институтын сақтап, одан әрі дамытуға бағытталған. Осы мақсатта жоба аясында қаралатын істердің басым көпшілігін татуластырумен аяқтауға жұмыс жүргізілуде және өзінің тиімділігін көрсетеді деп сенеміз.
Сондықтан «Отбасылық сот» пилоттық жобасы көптеген мәселелердің шешімінің табылуына оң әсер етеді деп күтілуде.
Алдын ала ажырасу мәселесіне байланысты ерлі-зайыптылардың отбасын сақтап қалуға ниет білдіргендер алдымен аталған отбасылық топ мүшелеріне, яғни Тұрар Рысқұлов аудан әкімдігінен тегін кеңес алуға мүмкіндіктері бар.
С.Узбеков,
аудандық соттың судьясы.
