130 Views
Жаңа жыл қарсаңында әріптесіміз Марат ДИХАНБАЙ аудан аумағындағы ерекше есім иелерімен сөйлесіп, пікірлескен еді. Газетіміздің бүгінгі мерекелік санында тілшіміз дайындаған материалды назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.
![](https://qulantany.kz/wp-content/uploads/2023/12/IMG_8392-400x267.jpg)
Құлан ауылдық округінің бас маманы Долорес Мұратқызы Қанатованың есімі сирек кездесетін есімдер санатында. Бұл кісіні сырттай танимыз. Асылында, Долорес Мұратқызы Атырау облысы, Махамбет ауданының тумасы екен. Жалпы, Батыс өлкесінің ұлдары мен қыздары қайсар болып келетіні баршамызға белгілі. Мінеки, соның бірі – Долорес Қанатова. Ол дүниеге келгенде Испания елінің атақты саяси белсендісі Долорес Иборуридің есімі әлемге кеңінен танылып жатқан кез болатын. Соған сәйкестендіріп, әкесі қызының есімін Долорес деп атауды жөн санапты. Яғни, сол секілді батыл, елдің сөзін сөйлейтін қайсар әрі өжет болсын деген мақсатпен қойса керек. Долорес әпкеміздің бойында бұл қасиеттің барлығы бар. Ол осы қасиетімен отбасына қадірлі әрі ұжымға сыйлы. 1986 жылы киелі Құлан жеріне келін болып түскен Долорес Мұратқызы бүгінгі күні ақ жаулықты ана, өнегелі әже атанып отыр. Жалпы, Долорес әпкеміздің еңбек өтілі 30 жылдан асқан. Ал, мемлекеттік қызметте еңбек етіп келе жатқанына биыл – 18 жыл.
![](https://qulantany.kz/wp-content/uploads/2023/12/8888888888888888888-267x400.png)
Келесі біздің кейіпкеріміз – Тұнық Гіміңтай. Қайыңды ауылындағы Райымбек Смайылов атындағы орта мектептің түлегін өз басым жете танимын. Шыны керек, мәнерлеп оқудан ұйымдастырылатын аудандық түрлі байқауларда Тұныққа тең келер оқушы аз болатын. Ол республикалық «Ғұмырдария» байқауында олжа салған оқушы. Бірақ, Тұнық бұған еш бәлсінбейтін. Оқуын шыңдап, керісінше іздене түскенді ұнататын.
Оның есімін Тұнық деп Сайлаухан апасы қойған екен. Қазақта «Теңіздің тұнықтығын судағы балық білер, кімнің-кім екенін халық білер, халық білмесе Құдай анық білер» деген аталы сөз бар. Яғни, бұл жерде тұнық сөзі таза, теңіз суы секілді мұнтаздай мөлдір, жаны пәк деген ұғымды білдіріп отырғанын ұғуға болады. Тұнықпен ұялы байланыс арқылы сөйлескенімізде, есімінің неліктен осылай аталуының себебін біз болжағандай түсіндіріп берді.
Поделиться ссылкой: