Жамбылдық 24 қаламгердің кітабы жарық көрді

158 Views

Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен жергілікті 24 қаламгердің кітабы жарық көрді. Ол үшін облыстық бюджеттен 50 млн. теңге бөлінген. Кітаптардың тұсаукесеріне қатысқан облыс әкімі Ербол Қарашөкеев алдағы уақытта да қалам­гер­лерді қолдау шаралары жалғасатынын баса айтты.
Игі шара аясында аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев өңірдегі зиялы қауыммен кездесіп, ой-ұсыныстарын тыңдап, мәдениет, руханият бағытындағы бірқатар мәселелерді талқылады.
Кездесуде өңірде әдеби орта құру, білім мен мәдениет ошақтарының санын арттыру, әдебиет майталмандарының шығармашылығын көпшілікке паш ету секілді мәселелер талқыланды.
Облыс әкімі жергілікті қаламгерлердің әрқай­сысы әдебиетке үлес қосып, мүмкіндігінше қоғам­ға жақсылық жасау жолында еңбектеніп жүргенін атап өтті.
Сондай-ақ, аймақ басшысы жас буынды кітап оқуға тарту бойынша түрлі тетіктерді қарас­тырудың маңыздылығын атап өтті.
Басқосуда бірқатар қаламгерлер облыста мәде­ниет саласында атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, мәдениет пен әдебиетті наси­хаттауға бағытталған ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Атап айтсақ, есімі көпшілікке жақсы таныс қаламгер, балалар жазушысы Пернебай Дүйсенбин жамбылдық қаламгерлердің кітаптарын орыс тіліне аудару ісіне мән беру қажеттігін айтса, белгілі жазушы-журналист Көсемәлі Сәттібайұлы түркі-ислам тарихынан сыр шертетін «Баласағұн» ежелгі қаласына апарар жолды асфальттау, белгілі қаламгерлердің мерейтойларын атап өту және өңірдегі кейбір ауылдық елді мекендерде кітапхананың жоқтығы туралы мәселелерді көтерді.
Сондай-ақ, ардагер журналист Бекет Момынқұл ақын-жазушыларға Бауыржан Момышұлы атын­дағы арнайы стипендия тағайындау туралы ұсы­нысын айтып, қоғамда кітапханашылардың мәрте­бесін арттырып, жалақысын көтеруге көңіл бөлуді сұрады.
Ақын-журналист Байхаманбет Ахмет аймақта ақын-жазушылар арасында әдеби байқаулардың тұрақты түрде ұйымдастырылу қажеттігіне назар аудартты. Танымал ақын, «Абай» баспасының директоры Ақберен Елгезек «Әулиеата» кітап­ханасын құру, ақын-жазушылардың қаламақысын реттеуге қатысты пікірімен бөлісті.
Өзге де қаламгерлер түрлі орамды ойларын ортаға салып, өзекті мәселелерді көтере білді.
Ербол Қарашөкеев барлық ұтымды ұсыныс-пікірлерді қолдап, олардың міндетті түрде назарға алатынын айтты. Өзекті мәселелерді шешу бойын­ша жан-жақты мүмкіндіктер қарасты­рылатынын жеткізді.
Аймақ басшысы өз сөзінде «Әулиеата» кітап­хана­сын құру, кітаптардың электрондық нұсқасын жасау ісіне көптеп көңіл бөлу қажеттігіне тоқта­лып, махаббат символына айналған Қарахан мен Айша бибіге арнап бір поэма, роман жазылса, ол бойын­ша кино түсірілсе деген ұсынысын да тілге тиек етті.
Кездесу соңында облыс әкімі қаламгерлерге шығар­машылық табыс тілеп, зиялы қауымды өс­келең ұрпаққа рухани тәрбие беру ісіне бірлесе атса­лысуға шақырды.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Поделиться ссылкой: