Ербол қарашөкеев «АгромашХолдинг KZ» АҚ басшылығымен кездесті

212 Views

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев «АгромашХолдинг KZ» АҚ басшылығымен кездесу өткізді.
Аймақ басшысы мен «АгромашХолдинг KZ» АҚ президенті Мейрамбек Сандыбеков аграрлық салада, атап айтқанда, ауыл шаруашылығы техника­сымен қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзара іс-қимыл мүмкіндіктерін талқылады.
Облыс әкімі индустриялық-аграрлық аймақ болып табылатын өңір үшін ауыл шаруашылығы техни­каларын құрастыру мәселелері қашан да маңызды екенін атап өтті.
– Өңірімізде қант қызылшасын себуге арналған мамандандырылған техника мен комбайндардың жетіспеушілігі байқалады. Біз су үнемдеу техноло­гияларын енгізуді арттыру нәтижесінде егіс алқа­бын ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы техникасы паркін жа­ңар­ту бойынша жұмыстарды жалғастыру жөнін­де тиісті шараларды қолға алудамыз. Басты мақсат – ауыл шаруашылығын механикаландыру деңгейін арттыру, – деді Ербол Қарашөкеев.
Жалпы, облыста бүгінде барлығы 13,8 мың тех­ника тіркелсе, оның 4 570-і трактор, 985-і комбайн.
Мейрамбек Сандыбеков агроөнеркәсіп кешенін одан әрі дамыту үшін өңірдің әлеуетін барынша тиімді пайдалану жөнінде бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Сондай-ақ, ол «АгромашХолдинг KZ» Жамбыл облысында сервистік орталық ашуды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Аймақ басшысы жауапты тұлғаларға аталған жоба­ның мүмкіндіктерін жан-жақты зерделеу және қолдау көрсету бойынша нақты міндеттер жүктеді.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Поделиться ссылкой: