Көптен күткен қуанышқа кенелді
Өткен жұмада аудан әкімі Ернар Серікәліұлы 24 түтін, 108 тұрғыны бар Ақниет ауылдық округіне қарасты Әбілқайыр ауылына барып, таза ауыз сумен қамтамасыз ететін кешенді блокты-модульдік контейнерді іске қосты.
Аудан әкімінің сайлауалды бағдарламасы негізінде 2023 жылы қолға алынып, бүгінде жүзеге асқан жобаға облыстық бюджеттен 50 млн. 500 мың теңге қаржы бөлінген.
Талай жылдан бері ауыл тұрғындарының тілегіне айналған таза ауыз су мәселесі шешімін тапқанына ауыл тұрғындары дән риза.
Таза ауыз судан алғашқылардың бірі болып дәм татқан аудан әкімі әбілқайырлықтарды құттықтап, ауыл тұрғындарының игіліктеріне тілектестігін жеткізді. Қос ауыл тұрғындары аудан басшылығының игі істеріне оң бағасын беріп, көптің тілеуі ескерусіз қалмайтындығының куәсі болды.
Жалпы 2025 жылға дейін аудан аумағындағы халық саны 200 тұрғыннан аспайтын елдімекендерге де дәл осындай кешенді блокты-модульдік контейнер орнату жоспарлануда.
«Құлан медиа» ақпарат.