Бес жылдық белес
Қазақ прозасында ерекше қолтаңбасы қалған заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөзі бар. Бұл сөз ел арасында қазіргі күні мәтелге айналып кетті десек, қателеспеген болармыз. Тек шығармашылық бағытта еңбек етіп жүрген жазушы қауым ғана емес, балалар мен жасөспірімдер де қазақтың қабырғалы қаламгерінің ұлағатты сөзін жатқа айтып жүр. Бұл жерде айтайын деген ойым – бүгінгі күні Мұхтар Әуезов жазып қалдырған даналық сөз мұқым ел айтып жүрер мәтелге айналды.
Қазір – жаһандану заманы. Яғни, өткенді аңсап отыратын уақыт емес. Бала тәрбиелеу ісінде де құндылықтар өзгеріп жатыр. Бүгінгі таңда соның бәрін бір арнаға тоғыстырып, өзіміздің ұлттық салт-дәстүрлерімізді дәріптеп, балаға саналы тәрбие мен сапалы білім беру – басты бағыттардың бірі болып отыр.
Ілгеріректе естеріңізде болса, «балабақша тапшы» деген сөздер жиі айтылатын. Мемлекет оның да жолын тапты. Білім беру саласына реформалар жасалып, елімізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында көптеген балабақшалар салынды. Бұл республика бойынша балабақша тапшылығына қатысты сауалдарды едәуір азайтып, оңтайлы болды.
Біздің ауданымызда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынып, бала тәрбиелеу ісінде жүйелі жұмыс істеп жатқан балалар бақшалары да бар. Соның бірі – 2019 жылдың 23 қаңтарында құрылтайшы Исаев Талғат Махмутұлының демеушілігімен салынған 150 балаға арналған ЖШС «М.Мирас» бөбекжай-бақшасын айтсақ болады. Биыл «М.Мирас» бөбекжай-бақшасына – 5 жыл толып отыр. Осы аралықта аталмыш бөбекжай-бақшасының құрылтайшысы Талғат Махмутұлына ата-аналар тарапынан көптеген ізгі лебіздер айтылды. «М.Мирас» бөбекжай-бақшасының бірінші басшысы Сейтімбетова Қарлығаш Абдраханқызының да бүлдіршіндердің ұлттық дәстүрмен сусындап, өнегелі тәлім-тәрбие алуына сіңірген еңбегі орасан.
«М.Мирас» бөбекжай- бақшасының басты ерекшелігі – мұнда бал тілді балғындарды қазақи салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа баулу, ұлттық құндылықтарды ұлықтау көзделген. Сонымен қатар, аталмыш бөбекжай-бақшасының қызметкерлері балапандардың денсаулығын әрқашан басты назарда ұстайды. Мекемеміздің медбикесі Бейсембаева Қарлығаш Зарханқызы күнделікті баланы тексеріп қараса, ал тәрбиешілеріміз бүлдіршіндерімізге саналы тәрбиемен қатар сапалы білім беру үстінде. Балабақша тәрбиешілері өз біліктіліктерін арттырып, көптеген жетістіктерге де жетіп жүр.
2019 жылы «Алғысым шексіз» атты облыстық фестивальге қатысып, ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Аудандық балабақшалар арасындағы байқауға қатысып, ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Сондай-ақ, көптеген байқауларға қатысып, жүлделі орындар иеленген. Тәрбиешілер арнайы курстарға барып, біліктіліктерін арттырып, білімдерін шыңдады. Осындай аз уақыт ішінде педагог қызметкерлеріміз өздерінің жұмыстарын басылымға беріп, іс-тәжірибе алмасу мақсатында шаршамай-шалдықпай қызмет атқаруда. Сонымен қатар, бөбекжай-бақшасындағы кіші қызметкерлердің яғни, тәрбиеші көмекшілері Ф.Караева, Р.Берденова, Б.Нұржанова, М.Совет, Б. Жукаева, А.Қазақбай, Б.Орынбасар, аспазшы И.Аденова, кір жуу операторы Р.Алимбекова, үй жайын тазалаушы А.Нанаева болашақ жас ұрпақтың қамы үшін аянбай еңбек етіп келеді.
Мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз етудегі балабақшалардың ұстанымы бір мақсаты ортақ.
«Бала – біздің болашағымыз» дегенді жиі айтып жатамыз. Ол рас тегінде. Сондықтан тәуелсіздіктің тұтқасын берік ұстап, ел ертеңін ойлайтын саналы, отансүйгіш азамат тәрбиелеу бағытында жұмыс істеу – біздің парызымыз деп білемін.
Жәмилә Егімбаева,
«М.Мирас» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі.