Қазақстан мен Ресей ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара саудасындағы шектеулерді алып тастауда

224 Views

Қазақстан мен Ресей Премьер-Министрлерінің орынбасарлары Серік Жұманғарин мен Алексей Оверчук екіжақты сауданың өзекті мәселелерін талқылады.

Күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелер – өзара саудадағы бірқатар шектеулерді алып тастау және Ресей-Беларусь шекарасында қазақстандық тасымалдаушыларды өткізу болып отыр. Тараптар ресейлік шошқа етінің Ресей Федерациясынан Қазақстан арқылы өтетін транзитінің ашылуына және 2024 жылғы 15 қаңтардан бастап Ресей Федерациясына қазақстандық мал шаруашылығы өнімдерін жеткізуге қойылған шектеулердің алынуын оң бағалады. Қазір екі тарап та ветери­нария­дағы күрделі мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін ақпараттық жүйелердің интеграциялауына бет бұрып отыр.
Ресей тарапы Қазақстанға Ресейдің сауда желі­леріне тауық жұмыртқаларын жеткізуді арттыру туралы өтініш жасады. Серік Жұманғарин ауыл шаруа­шылығы министрлігіне аталған мәселені қысқа мерзімде қарауды және қазақстандық өнімді Ресей Федерациясының шекаралас аймақтарына жеткізуді арттыру мүмкіндігін іздеуді тапсырды. Сон­дай-ақ, өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелерінде шешім қабылдауда икемділік қажет екенін атап өтті.
Қазақстанда отандық құс фабрикаларының жұмыртқа­мен қамтамасыз ету деңгейі 2022 жылы халық қажеттілігінің 102%-ын құрады. 2023 жылдың 11 айында Қазақстан Ресейге, Ауғанстанға және Қырғызстанға шамамен 186,6 млн дана тауық жұмыртқасын экспорттағанын айта кеткен жөн.
2023 жылғы 26 қаңтарға жоспар­ланған ЕЭК Кеңесінің отырысы қар­саңында тараптар Ресей-Беларусь ше­карасындағы қазақстандық жүк көлік­терінің кешігу жағдайын реттеу үшін Мәскеуде кеңейтілген құрамда тағы бір екіжақты кездесу өткізуге келісті.
Белгілі болғандай, 2023 жылдың 12 желтоқсанында Ресей мен Беларусь азаматтары болып табылмайтын аза­маттар үшін «Рудня» өткізу бекетіндегі өткел толығымен жабылды. Ал, 2024 жылдың 8 қаңтарында осы аталған шектеу қалған екі «Қызыл» және «Қы­зыл тас» өткізу бекеттеріне де таралды.
Бүгінгі таңда Ресей тарапының көмегімен Ресей-Беларусь шека­ра­сындағы жағдай басқа өткізу пункті арқылы жүк ағындарын қайта бағыт­тауға мүмкіндік берді. Көліктердің негіз­гі бөлігі шекарадан өтіп үл­гер­ді. Навигациялық пломбаларды элек­тронды түрде рәсімдеуді қажет ететін жүктермен қиындықтар туындады.
Тараптар жағдайды тезірек шешу үшін барлық қажетті шараларды қабыл­дауға келісті. Келіссөздер ЕЭК Кеңесінің отырысы қарсаңында Мәс­кеудегі екіжақты кездесу шеңберінде жалғасатын болады.

Primeminister.kz

Поделиться ссылкой: