Айтып өткен ақында арман бар ма, Жүрегінің түбіне кір жасырмай…

236 Views

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай менің газеттегі әріптес қарындасым Гүлнұр Аманжол келісті мақала жазған болатын. Газет беттелетін күні оқып шықтым. Жақсы жазылған мақала. Меніңше, халық ырду-дырду, талас-тартысқа толы керексіз ақпараттан шаршады. Осындай танымдық мақалаларды жұртшылық көз алмай оқыса ғой, шіркін… Бұл бір көсемсіп ақыл айту емес, шынайы пейіл әрі ниет. Сондықтан көп созбақтап, мақаланың «шырайын» кетірмейін. Ұққан – ұғар, әйтпесе, дана Абайша айтқанда, «өз сөзім өзімдікі».
Әнші Қуандық Рахымның репертуарында «Өлмейтіндер» деген есті ән бар. Сол әннің сөзінде:
– Мұқағали арқалаған ауыр мұң,
Шәмші қайда шамшырағы жанымның.
Әуелеген ән таба алмай,
Мәтінінен мән таба алмай,
Сағындым ғой, мен сіздерді сағындым.
Назы қайда Есенқұлдай нарымның,
Сазы қайда Тұрсынғазы Табылдың.
Көргенімде жансыз жанды,
Атақ қуған арсыздарды,
Сағындым ғой, мен сіздерді сағындым» деген жолдар бар. Тыңдайсың. Ойланасың. Тебіренесің. Жүрегің аттай тулайды. Әділетсіздіктерді көресің. Айтасың. Жазасың. Бірақ, пысқырып жатқан ешкім жоқ. «Аһ, ұрасың!». Болмаған соң, осындай есті әндерден, Мұқағали жырынан жұбаныш іздейсің. Бір сәтке болса да, көңілің орнына түседі. Мұқағали сөзімен айтсақ, «Пай- пай, өмір, өтесің-ау бір күні» деген осы.
Өткен жұмада Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай «Есіңе мені алғайсың» деген тақырыпта ән-жыр кешін ұйымдастырды. Іс-шара керемет болды. Кейбір іс-шараларға барсаң, шуылдап, сөз тыңдалмай жатады ғой. Бұл ән-жыр кешінде ондай болған жоқ. Зал сілтідей тыныш. Сахнада Мұқағали образында – Тұңғышбай Сәдуақас. Әр өнерпаз өз биігінде. Әр өнерпаздың образды сомдау ерекшеліктеріне тәнті болдық. Ақынның өлеңдері оқылды. Қандай ғажап көрініс!
Ақынның туған күніне орай өткен ән-жыр кешінде Мұқаңның сөзіне жазылған есті әндер шырқалды. Айталық, Жансая Сәрсенбаева «Жас қайың», Рысбек Қадырқұлов пен Нұрлан Әмірбетов дуэті «Үш бақытым», Күлімкөз Пірімқұлова «Мен деп ойла», Ерболат Құлышев «Шеше, сен бақыттысың», сондай-ақ, аудандық мәдениет үйінің әншілерінен құралған квартет «Есіңе мені алғайсың» әндерін жоғары деңгейде орындап, залға жиналған көрерменнің ыстық ықыласына кенелді. Аталмыш кеште №1 мектеп лицейінің оқушылары, яғни «Мұрагер» әуесқой клубының мүшелері де көрініс ойнады. Оқушылардың актерлік шеберліктері мені тәнті етті. Риза болдым.
«P.S. Дүйсенбі газет беттелетін күн. Күн суып, қар мұздақтап жауып тұр. Мақаламды жазып бітірдім. Газет жұмысының ауырлығын редакциядағы әріптестерден өзге кім біле қойсын. Әй, «кейбір жазғырғыштар» соны да бағаламайды-ау… Менің есіме Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған Тұрсынғазы Рақымовтың «Сәби болғым келеді» әні түсті.

Құста болғым келмейді қанатым бар,
Қанатым бар күмістен жаратылған.
Сәби болғым келеді-ай, сәби болғым,
Бұл өмірден хабарсыз жаңа туған.
Сәби болғым келеді-ай сәби болғым,
Бұл өмірден хабарсыз жаңа туған…
Білмеймін, осы әнді айқайлап айтқым келді…

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: