Бұтағымен ағаш сымбатты, Ұрпағымен адам қымбатты

187 Views

Жақында Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің акт залында «Отбасы – орта мектеп» жобасы аясында мазмұнды форум ұйымдастырылды. Форумның тақырыбы – «Отбасы құндылықтары сарқылмас қазына» деп аталды. Облыстық деңгейде ұйымдастырылған форумға Жамбыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің төрайымы, «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали, Жамбыл облыстық ата-аналар комитетінің төрағасы Ринат Нұрақбаев, Жамбыл облысы ардагерлер кеңесі жанынан құрылған аналар кеңесінің төрайымы Хадиша Оспанова, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, аудандық әкелер кеңесінің төрағасы Мырзабек Маңғұтов, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Түзел Алагөзова, сондай-ақ, бірқатар қоғамдық бірлестік жетекшілері, мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен ата-аналар да қатысты.
Қай халық болмасын үмітін ең алдымен ұрпағымен байланыстырады. Міне, сондықтан да:
«Ана – үйдің берекесі,
Бала үйдің – мерекесі.
Бұтағымен ағаш сымбатты,
Ұрпағымен адам қымбатты.
Бала болсаң балғындай бол.
Айналаңа қорғандай бол» – деген қағиданы берік ұстаған ата-бабаларымыз өз ұрпағын «адам» деген атаққа лайық етіп өсіруді мақсат еткен.
Форум барысында ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығында «Отбасы құндылықтары – сарқылмас қазына» атты дөңгелек үстел отырысы өткізілсе, «Даналық мектебінің» жұмысы аясында әке мен бала арасында «Асық ату ойыны», «Әжелер клубының» жұмысы бойынша «Әжемнің ертегісі» көріністері, педагог психологтары «Бақытты отбасы – қоғамның тірегі» атты ата-аналармен психологиялық тренинг жүргізсе, «Әке көрген оқ жонар, Ана көрген тон пішер» тақырыбында шеберлік сыныптары, «Ұлттық киім – ұрпаққа мұра» атты ұлттық киімдер шеруі ұйымдастырылып, келген қонақтар бала тәрбиесіне қатысты ой қозғады.
Ата-баба жолымен атаның өсиеті, әженің әңгіме-ертегісі, әке өнегесі, ана тәрбиесі, ағаның аялы алақаны, ұл мен қыздың ізеті, кішінің үлкенге құрметі, үлкеннің қамқорлығы керемет көрініс тапқан шара қоғам назарын бала тәрбиесіне арнауға жол көрсетуге бағытталған.
Форум соңында бала тәрбиелеуде жетістікке жеткен ата-аналар мен оқушылар марапатталды.

Шынар Тұрғанбаева,
Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Поделиться ссылкой: