«9-20-25», «7-20-25», «Жас отбасы»: 2024 жылы ипотекамен қалай пәтер алуға болады?

232 Views

1 наурыздан бастап «9-20-25» бағдарламасы іске қосылады. Тұрғын үй бағдарламаларының шарттары өткен жылдың жазымен салыс­тырғанда аса өзгере қоймаған. Атап айтқанда, бастапқы жарна көлемі – бұрынғыша 20 пайыз­дан басталады. Ұлттық банк базалық мөлшер­лемені 16,75 пайыздан 15,25 пайызға түсіргеніне қарамастан (тамыз, 2023 – қаңтар, 2024), жылдық тиімді сыйақы мөлшері өзгермеген. Қазақстанның ипотека нарығында қандай өзгеріс бар? Қазақстандықтар ипотекамен үй алуды азайтқан. Бірінші несие бюросының ақпаратына сүйенсек, бұған банктер мөлшерлемесінің жоғары болуы әсер етіп отыр. Ипотека рәсімдеп жатқандардың көбі – дәл қазір баспанаға қатты зәру жандар. Ал, қалғандары базалық мөлшерлеменің азайып, сәйкесінше несие беру шарттарының жеңілдегенін күтіп отыр. Ұлттық банктің мәліметінше, Қазақстанда соңғы 3 жылда ипотека тақырыбы аса өзекті мәселеге айналған. Десе де, бірінші несие бюросы 2023 жылы ипотекамен баспана рәсімдеу деңгейі 17 пайызға төмендегенін мәлімдеді. Оған соңғы жылдары жеңілдікпен ипотека беретін кейбір мемлекеттік бағдарламалардың жабылып қалғаны себеп болып отыр. Өткен жылы банктер баспанаға 116600 несие берген. Бір адамға орташа есеппен 13 миллион теңгеден бөлінген. Несиелердің 70 пайызы «Отбасы банкінде», қалған 30 пайызы басқа банктерде берілген. Бүгінде Қазақстанда «Отбасы банкінен» бөлек, екінші деңгейлі 21 банк жұмыс істейді. Бірақ, олардың бәрі бірдей баспанаға несие бермейді. «Отбасы банктің» несие­леу шарттары өзгерген жоқ. 2022 жылдың 1 қазанынан бастап «Отбасы банк» аралық займ мөлшерлемесін 11,5 пайызға дейін көтерді. 2023 жылдың 15 мамырынан бастап мөлшерлемені 6-10 пайызға дейін төмендетіп, бірақ «бағалау көрсеткіші міндетті түрде 2,5 пайызға жетсін» деген талап қойылды. Ол үшін қаражат депозитте кем дегенде 3 ай жатуы тиіс. 15 ақпаннан бастап бұл банкте тағы бір шарт іске қосылады. Аралық займмен несие рәсімдегенде депозитке үй құнының 50 пайызын құйғаннан кейін кем дегенде 6 ай күтуге тура келеді.
Баспанаға несие рәсімдеуге қажетті құжаттар:
– жеке куәлік;
– қарыз алушының, қосалқы қарыз алушының неке қию туралы куәлігінің көшірмесі (бар болса);
– соңғы 6 айдағы табыс көлемін растайтын құжаттар;
– кепілге берілетін жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттар;
– соңғы 6 айдағы зейнетақы шотынан үзінді көшірме.
Жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттардың түпнұсқалары кепіл туралы шарттың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін банкте қалады. Банк қажет болса қосымша құжаттар сұратуға құқылы.
Комиссия көлемі
Ипотека рәсімдеген кезде банктерге комиссия төленеді. Өтініштер қаралуы үшін, шамамен 10 мың теңгедей жұмсалады. Займды ұйымдастыру үшін, займ көлемінен 2 пайызға дейін ұсталады, Ал, кей банктер займ үшін комиссия ұстамайды. Cондай-ақ, комиссиясыз несиелеу де бар. Бірақ ол жерде жылдық тиімді сыйақы мөлшері 1,5 — 2 пайызға жоғары болады.

informburo.kz

Поделиться ссылкой: