тіл – ұлттың жаны
Тіл – ұлттың тірегі, жаны, ары. Тіл әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады.
«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 4-бабында «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлi. Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы», – деп белгіленген.
Аудандық сотта іс жүргізу толығымен мемлекеттік тілде жүргізіледі. Қазақ тілінде қаралатын істердің үлесі артқан. Қазақ тілінде шығарылатын сот актілерінің мазмұны заң талаптарына сай және жазылу мәтіні де қарапайым халыққа түсінікті болуы қажет. Қазіргі кезде осыған көп көңіл бөлінуде.
«Тіл туралы» заңдағы талаптарды жүйелі түрде жүзеге асыру – біздің азаматтық парызымыз.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру үшін ең бірінші ұлттық патриотизм сезімі басым болуы қажет. Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту өз халқын сүйетін кез-келген азаматтың міндеті деп түсінемін.
Кез келген мемлекеттің негізін құрушы халықтың тілі – тұғырлы, өз еліне қажетті, керекті болуы тиіс.
Тіл байлығы – әр елдің мақтанышы. Ол атадан балаға мирас болып қалған баға жетпес мұра. Олай болса, ана тілімізді құрметтеп, қадірлейік. Мемлекеттік тілді қастерлеу, қорғау – әр азаматтың борышы.
Ж.Құлатаева,
аудандық сот әкімшісінің бас маманы.