Көрмегендер де – арманда, Арманда – оны көргенде

95 Views

«Наурыз, наурыз, күнгі игі,
Күні игі жердің түрі игі.
Бауыры жылып науат қар,
Бабымен ғана жібиді.
Шашылып ырыс шанақтан,
Шақырып бір үй, бір үйді,
Шаттанушы еді бір игі.
Қайырмасы:
Наурыз айы туғанда,
Той болушы еді бұл маңда.
Сақталушы еді сыбаға,
Сапарға кеткен
ұлдарға.
Наурыз айы туғанда!». 

Бұл – ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жазған өлең жолдары. Қандай келісті өлең. Әні де бар. Ол әнді Қазақстанның халық артисі Роза Рымбаева керемет орындайды. Наурыз мерекесінде бұл ән міндетті түрде шырқалады. Сондықтан мақаланың кіріспе сөзін ақын Мұқағалидың өлеңімен бастауды құп көрдік.
Жалпы, Наурыз мерекесі күллі түркі ұлысына ортақ мейрам. Осы ұлық мейрамды қазақ халқы биыл ерекше атап өтті. Ол теледидардан да айтылды, газеттерге де жазылды. Әз-Наурызды ерекше тойлаған аймақтардың ішінде жазиралы Жамбыл өңірі де бар. Оның ішінде Наурыз мейрамы киелі Құлан жерінде де жоғары деңгейде ұйымдастырыл–ғанын айта кеткен абзал. Аудан орталы–ғына 15 ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, дастархан жайылды. Қазақы ою өрнекпен әдіптелген ұлттық киімдерімізді киген, бір-бірімен емен-жарқын хал сұрасқан ығы-жығы халық. Бір риза болғанымыз, ұлттық киімді ілгеріде үлкен кісілер ғана киюші еді ғой. Биыл ұлттық киім киген жастардың қарасы да көп болды. Біз соған шексіз қуандық, шыны керек.
Ұлыстың ұлы күніне орай ұйым–дастырылған мерекелік кеште аудан әкімі Ернар Есіркепов сөз сөйлеп, барша аудан тұрғындарын әз-Наурыз мейрамымен құттықтады. Аудан басшысы өз сөзінде ырыс пен берекенің бастауы саналатын Наурыз мерекесінің қазақ халқы үшін құндылығы бөлек екенін тілге тиек етті.
Наурыз мейрамында жасалатын дәмді тағамның бірі – «Наурыз көже» екені белгілі. Онсыз Наурыз мерекесінің сәні болмай тұратындай көрінеді де тұрады. Әз-Наурыз мерекесінде қазан-қазан «Наурыз көже» дайындалып, халыққа таратылды. Сондықтан да болар, биылғы әз-Наурыздың ерекше өткендігі туралы тұрғындар да айтып жатыр. Оны көз көріп, құлақ естіді. Мәселен, Нұрхожаева Назымгүл есімді ауыл тұрғыны жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің ұзаратын шағында тойланған Ұлыстың ұлы күнінде береке-бірлік барын айтып, қарапайым халыққа осындай ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлаған аудан әкімі Ернар Есіркеповке зор алғысын білдірді. Осыдан-ақ, Құланда әз-Наурыздың қалай өт–кенін болжай беріңіз енді.

Тақырыпқа тұздық:

Журналистикада өзіндік із қалдырған Жайық Бектұров Жаңа жылмен:
– Ай көріп, аман көріп, қилы-қилы заман көріп, өларада амал көріп жатырмыз. Қарағай басын шортан шалып, көк егінді көк шегіртке орып, өзен-көлді су аяғы құрдым сорып, достар қас болысып, кәрілер жас болысып, қара көже ас болып, жүрек тас болып кетпесе екен!, – деп құттықтайды екен.

Содан соң мерекеге жиылған жұртшылық аудандық өнер ұжым­дарының концерттік бағдарламасын тамашалады. Айталық, өнерпаздардың жыл басы туралы сахналанған қойылымы керемет болды. Әншілер мен бишілердің де көрсеткен өнерлері көпшіліктің көңілінен шықты деген ойдамыз. Бұл мерекеде тек өнер ғана болған жоқ, ұлттық спорттарымыз да ұлықталды. Мәселен, қазақ күресі және асық ату ойынына балалар мен жасөспірімдер белсене атсалысты. Қой көтеру сайысына қатысуға ниет білдіргендер қатарында да жастар көп болды. Барлық сайыстардан жүлде алған азаматтарға бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Осылайша, Наурыз мейрамында Құланның аспаны әуелеген ән мен жырға бөленіп, ұлттық спортымыз ұлықталды. Осы мақаланың түйінін қалай қорытындыласақ та жарасар еді. Бірақ, ақын Мұзафар Әлімбаевтың батасы көңілге жақты. Блокнотка түртіп қойған екенбіз бір мезетте. Қазір бата беріңіз десең, тілек айтып кететін «ақсақалдар» көп. Рас қой. Несіне жасырамыз. Сондықтан ақын Мұзағаңның өскелең ұрпаққа жазып қалдырған батасымен осы мақаламызды түйіндеуді жөн санадық.
Қарық қып құтты Наурыз,
Қазанға толсын сары уыз.
Қайнасын Наурыз көже де,
Толтырып ішкей кесеңе.
Ұлыстың ұлы күнінде,
Көппенен бірге күлімде.
Көбейсін жаңа достарың,
Молайсын елге қосқаның.
Жарасып көңіл хоштығы,
Бекісін халық достығы.
Ішінде жүрсе аз ғана,
Шайылсын өкпе, наз-нала.
Алдыға сыймай сәбилер,
Құшағын жайсын жаңа үйлер.
Жастардың самсап отауы,
Мейірім төксін Отаны.
Әспеттеп ата дәстүрін,
Әсем боп өссін жас буын.
Кірбің тартпасын кәрілер,
Барыңның дәмді нәрін бер!
Дүрлеген Қазақстанға
Таңғалсын дос та, дұшпан да!

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: