Ботулизмнің алдын алу
23 ViewsБотулизм – жалпы организмнің улануына әкеліп соғатын инфекциялық аупу түрі. Ботулизм – Clostridium botulinum бөліп шығаратын улы затпен (токсин) бүлінген, ластанған тамақтан жұғады, токсин…
Шалғайда жатқан Қорағаты ауылында жасалып жатқан жұмыстар көп. Атап айтқанда, жуырда ауыл көшелерінің біріне 23 шақырым жол төселген. Жергілікті тұрғындар ауыз судан да таршылық көріп отырған жоқ. Оқушыларға сапалы білім мен өнегелі тәрбие беретін мектеп пен интернат та бар мұнда. Елдімекен тұрғындарына рухани азық сыйлайтын Мәдениет үйі де ел игілігі үшін қызмет атқаруда. Алайда, түйткілі шешілмеген мәселелер де бар екен. Оны біз «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерқанат Нұрбапаұлы Манжуовтың қатысуымен өткен қоғамдық қабылдау кезінде қайырыла келген ауыл тұрғындарының өтініштерінен аңғардық.
Алдымен, Ерқанат Нұрбапаұлының Қорағаты ауылына келген себебіне тоқталсақ. Бүгінде «Нұр Отан» партиясы ауылдық елдімекендерде партияның 20 жылдығын мерекелеу мақсатында «20 азаматтардың көшпелі қоғамдық қабылдаулары» атты іс-шаралар өткізіп жүр. Ондағы басты себеп -билік пен шалғай ауылды елді мекендерде тұратын халық арасындағы байланысты нығайту, тұрғындар арасында күнделікті шешімін таппай жүрген түйткілді мәселелердің оң шешімін табуға ықпал етіп, кеңестер беру. Аудан әкімі Асқар Қырықбаев бастап бірқатар бөлім басшылары қатысқан қоғамдық қабылдауда ең алдымен көгілдір отын мәселесі сөз болды. Алғашқы болып сөз алған Рысқожа Нәжетханов ақсақалдың айтуы бойынша, Қорағатыға жақын орналасқан Р.Сәбденов пен Қызылшаруа ауылдарына газ кірген. Енді сол газ құбыры Қорағаты ауылына жеткізілсе деген қарияның өтініші бар. Бұл сұраққа аудан әкімі Асқар Санатұлы жауап беріп, алдағы жылдың наурыз айынан бастап ауылға газ құбыры тартылатынын жеткізді.
Көгілдір отыннан басқа медицина саласында да өзекті мәселелер аз емес көрінеді. Ауыл тұрғыны Нұрлан
Боранбаевтың айтуына қарағанда тәжірибелі дәрігер көрші ауылдан аптасына екі рет тексеруге келеді екен. Сонымен қатар, ауыл орталықтан қашық болғандықтан жедел жәрдемнің жетуі де қиын. Ең бастысы ауылдық медпункт те ескірген. Осы бір өзекті сауалдарға жауап берген ауданның бас дәрігері Шындос Мырзалиев келесі жылы жаңа нысан салынатындығын айтып, жедел жәрдемнің мән-жайына кеңінен тоқталды.
Одан бөлек қабылдауда жас мамандардың үй алуы, жеке кәсіп ашу үшін несиеге қол жеткізу, сонымен қатар, Елбасының бастауымен қолға алынған «7-20-25» бағдарламасы бойынша сұрай келген ауыл тұрғындарына толықтай жауап қайтарылып, әр түрлі кеңестер берілді.
«Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерқанат Манжуов қоғамдық қабылдаудан кейін, білім беру мекемелерінің басшыларымен және бірнеше мектептерді аралап, ұстаздармен де кездесті. Ондағы мақсаты Елбасы жолдауындағы келесі жылы қабылданатын «Педагог мәртебесі туралы» заң аясында пікір алмасып, ұстаздардың тарапынан ұсынылатын ұсыныстарды ескеру болатын.
Қорағаты ауылындағы ұстаздармен кездесуінде Ерқанат Нұрбапаұлына мектеп ұстаздары нақты ұсыныстарын жеткізді. Әсіресе, мектептің тарих пәнінің мұғалімі Жорабек Ануарбекұлының айтқан ұсыныстары көптің көңілінен шықты. Ардагер ұстаз ең бірінші, жоғары оқу орындарында мамандарды даярлау ісін қайта жаңғырту керек деп есептейді. Өйткені, мұғалім қаншалықты білімді болса, соншалықты мәртебесі биік болатынына сенімді. Екіншіден, ұстаздарға деген ата-аналардың көзқарасын заң талаптарына сәйкес дұрыс бағытқа қою керектігін жеткізсе, үшіншіден, ұстаздар біліктілігін арттыру кезінде жас ерекшеліктері ескерілсе деген ұсынысайтты. Сонымен қатар, жиын барысында мұғалімдердің апталық жүктемелері азайтылып, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан босатылса деген көпшілік ұстаздардың ұсынысы да назарға алынды.
Дәл осындай форматтағы жиын аудан әкімшілігінің кіші мәжіліс залында да өткізілді. Оған аудандағы барлық білім беру мекемелерінің басшылары қатысты. Мектеп директорларының ұсыныстары мен ой-пікірлері тыңдалып, педагогтар тарапынан Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі» заңының жобасын дайындауға бірқатар ұсыныстар берілді.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.